Меркі төріндегі дүбірлі дода – елдік пен ерліктің жарқын көрнісі

0 21

Меркі жерінде елдік рухты асқақтатып, ұрпақ санасына Отанға деген сүйіспеншілік пен тарихи жадыны сіңірген тағылымды шара өтті. Тұрар Рысқұлов ауылдық округіндегі атшабар алаңында ұйымдастырылған бұл кең ауқымды мереке – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.

Ұлттық дәстүрге сай киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақышпен көмкерілген кең алаң елдің еңсесін тіктеп, өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастырған ерекше рухтағы ұлық мейрамға айналды. Аудан тұрғындары мен алыстан арнайы келген қонақтар салтанатты сәттің куәсі болып, бірлік пен берекенің, ерлік пен елдік рухтың биік өріс алғанына тағы бір мәрте көз жеткізді.

Салтанатты шара шымылдығы «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің, «Тұмар» этно-фольклорлық тобы мен көптің көзайымына айналған «Меломен» тобының, сондай-ақ, жергілікті өнерпаздардың орындауындағы әсерлі концерттік бағдарлама арқылы ашылды.

Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жиналған жұртшылықты қос мерекемен құттықтап, еліміздің тәуелсіздігін, бейбіт тірлігін қорғап жүрген жауынгерлерге алғыс білдірді. Сонымен қатар, ел бірлігін бекемдеген азаматтарды Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекенің мәні мен маңызын арттырған тағы бір тағылымды тұс – ұлттық спорт сайыстары болды. Атшабарда ұйымдастырылған тай, құнан және аламан бәйгелер нағыз шабандоздардың шеберлігін сынға салды.

Алдымен, тай жарысы басталды. 5 шақырымдық бұл сайыста тұлпарлардың төзімі мен тектілігі таразыланып, қордайлық Сапар Ешетовтің «Ақкербез» атты жүйрігі өзгелерден оқ бойы озық келіп, тай мен жабуды иеленді. Алматы облысынан келген Санат Қаниевтің «Дара» есімді тұлпары екінші орынды жеңіп алып, 200 мың теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды. Ал, үшінші орын Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылының тумасы Құдайберген Мұраттың «Карамель» атты сәйгүлігіне бұйырып, бір қой мен 100 мың теңге сыйлыққа ие болды.

Жарыс қыза түсіп, кезек құнан бәйгеге келді. Бұл жолы 9 шақырымдық додада шабандоздар мен тұлпарлар жанкешті шапшаңдық танытты. Қордай ауданы, Кенен ауылынан келген Мұрат Бекболаттың «Сұлутөрі» мәреге бірінші жетіп, бас жүлде – мотоцикл мен 500 мың теңгені қанжығасына байлады. Ақыртөбелік Нұрғали Жайлауовтың «Бойтұмары» екінші орын алып, тоңазытқыш пен 100 мың теңгенің иесі атанса, үшінші орынды Қордайлық Айдар Нұрмағамбетовтің «Бетпақторысы» жеңіп, теледидар мен 100 мың теңге жүлдеге ие болды.

Көпшіліктің асыға күткен сәті – аламан бәйге де келіп жетті. 25 шақырымға созылған бұл сын – шын жүйріктің анық көрінер тұсы болды. Тұрар Рысқұлов ауданынан Айдархан Нұрбосынның «Самалкүреңі» мәре сызығын бірінші кесіп, басты жүлде – квадроцикл мен 500 мың теңгені еншіледі. Екінші орынды осы ауданның тағы бір тұлпары, Ермұхамет Бохаевтың «Азаматы» иеленіп, тоңазытқыш пен 200 мың теңгелік сыйлықты жеңіп алды. Үшінші болып Талас ауданы, Аққұм ауылынан келген Шаханов Төленнің «Нарқасқасы» келіп, теледидар мен 200 мың теңгені қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, мәреге 4-5-ші болып жеткен сәйгүліктердің иелері де бағалы және ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бұл – ұлттық мұраға деген құрмет пен ұрпақ сабақтастығын дәріптеудің жарқын үлгісі болды.