Ел бірлігі – елдігіңнің айнасы. Татулық – табыстың кепілі. «Бірлігі бекем елдің шаңырағы биік» дейді дана халқымыз. Меркі – талай этностың құтты қонысына айналған киелі мекен. Бүгінде ауданымызда 87 мыңнан астам тұрғын өмір сүріп, олардың арасында 30-дан астам этнос өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.
Ауданда 8 этномәдени бірлестік тұрақты жұмыс істейді. Олар — Өзбек, Славян, Түрік, Әзірбайжан, Кәріс, Қарашай-балқар, Ұйғыр және Неміс бірлестіктері. Бұл ұйымдар ел ішіндегі татулықтың тірегі, мәдениеттер тоғысының алтын көпірі іспетті.
Жыл басынан бері этносаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Ақпан-наурыз айларында жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында аудандық орталық кітапханада, «Жастар ресурстық орталығы» мен колледждерде «Үлкен отбасы», «Бір шаңырақ астында», «Ортақ шаңырақ» сынды тағылымды кездесулер өтті.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, аудан әкімі ел бірлігін сақтау жолында еңбек етіп жүрген азаматтарды марапаттады. Бұл – еңбекті бағалау, татулықты дәріптеу жолындағы үлкен құрмет.
⠀
Меркі – көп этносты, бір шаңырақ астында тату ғұмыр кешіп жатқан, ынтымағы жарасқан мекен. Біз, ардагерлер қауымы, жас ұрпаққа бірлік пен достықтың қасиетін үйретуді азаматтық парызымыз деп білеміз. Бірлігіміз бекем, ырысымыз мол болсын!
Байсейіт Жылысбаев,
Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы