Мейірімділік жанұядан басталады

0 20

Жуырда «Меркі аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Отбасы күніне орай, «Әке, ана және мен – тату отбасы» атты іс-шара өтті. Аталған іс-шараның мақсаты – бүлдіршіндеріміздің отбасыға деген сүйіспеншілігін, өзіне жақын ортаның барын сезінуге және қолдау көрсете білуге үйрету. Сонымен қатар, осындай іс-шаралар арқылы балалардың спорт­тық-эстафеталық жарыстарға қызы­ғушылықтарын арттыру мен спортқа деген белсенділіктерін нығайту болатын. Салауатты өмір салтын сақтау, дені сау, рухы таза ұрпа тәрбиелеу мен ептілікке, шапшаңдыққа жаттықтыру да осы іс-шараның басты мақсаты болып саналады.

«Әке, ана және мен – тату отбасы» сайысының ашылуы ҚР Әнұранының орын­далуымен басталды. Барлық қаты­сушылар мен қонақтар және ұжым мүшелері Әнұранымызға құрмет көрсетіп, бірге орындады. Сайысқа үш отбасы қатысты. «Сұңқар» тобы – Асылхановтар отбасы, «Қыран» тобы – Абуевтер отбасы, ал, «Бүркіт» тобы Тоғабаевтар отбасынан құралған екен. Әрбір отбасы өз тобын таныстырып, жарыс бастамасын ұрандарымен жалғастырды.

Бұл сайыс төрт кезеңнен тұрды. Әр­бір топ мүшесі өз тобына қолдау көр­сете отырып, белсенділік таныта білді. Нәтижесінде барлық отбасы жақсы деген нәтиже көрсетіп, тиісті марапаттарға ие болды. Бізді қуантатын мәселе – ата-аналардың әрбір осындай іс-ша­раларға біркісідей атсалысып, белсене қатысқандығы. Бұл деген болашақта әрбір ортаның ұйымшылдығы мен бірлігіне зор ықпалын тигізбек.
Іс-шараға ауданымыздағы «Аmаnаt» партиясы Меркі аудандық филиалының төрағасы Күлайым Шағатаева қатысты.