Меркі ауданында денсаулық сақтау саласы мен санитариялық-эпидемиологиялық ахуалға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте осы бағыттағы жұмыстардың жай-күйі сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
Кеңес барысында аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Анель Мухаева сөз алып, медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Бүгінде аудан бойынша медициналық инфрақұрылым 93,4 пайызға жаңартылған. Амбулаторлық деңгейде 7273 тұрғын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілсе, диспансерлік есептегі науқастардың саны 17 мыңнан 14 мыңға дейін азайған. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, ауданға 15 түрлі дәрігер маманы жетіспейді және кейбір елді мекендерге реанимобиль қажет.
Кеңесте, сондай-ақ, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ділдаш Кударова өңірдегі санитариялық ахуал туралы баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы бес айында аудан аумағында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмеген. Инфекция ошақтарында тиісті эпидемияға қарсы шаралар дер кезінде жүргізіліп, сырқаттардың таралуына жол берілмеген. Вакцинация жұмыстары да жоспарға сәйкес атқарылуда. Әсіресе, балалар мен ересектер арасында екпе алу көрсеткішін арттыру бағытында түсіндіру жұмыстары күшейтілген.
Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Ербол Жиенқұлов бұл мәселелердің маңыздылығына ерекше тоқталып, денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын жою, шалғай ауылдарды жылжымалы медициналық көлікпен қамту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, вакцинацияны насихаттау тек медицина мамандарының емес, білім беру, жастар саясаты, дін істері сынды өзге де сала өкілдерінің бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асуы керектігін атап өтті.
– Халықтың денсаулығы – ең басты байлығымыз. Бұл бағыттағы жұмыстар үйлесімді, жүйелі және нәтижелі болуы тиіс, – деді аудан басшысы.