Мақсаты айқын ірі жоба

0 17

Жуырда Ұлттық музейде #madeniet__aqparat_ministrligi қолдауымен «Қазақстан музей конгресі» халықаралық кешенді іс-шарасы болып өтті.

Конгресс 23-24-қыркүйек күн­дері өткізілді. Ұйымдастырушы – #nationalmuseumkz. Оған отандық және шетелдік музей ісі саласының мамандары қатысты, соның ішінде, Иран, Қытай, Ресей, Түркия, Мажарстан, Армения, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан музейлері мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары және қызметкерлері қатысты.

Конгрестің аясында «Замануи му­зейлер: Ғылым, білім және жаңашылдық» Халықаралық ғылыми-практикалық конфе­ренциясында, «Инклюзивті музей: алғашқы қадам және нәтиже» атты семинар-тренингте «Тифломузей» жобасы Жамбыл облысы тарихи-өлкетану музейлері тәжірибесінен» тақырыбында баяндама оқып, арнайы сертификатқа ие болдым.
Бұл «Тифло-музей» жобасы 2023 жылы Республикада алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысында басталды.

Жоба 2023 жылы сәуір айында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі экспозициясынан бастау алып, жыл соңына дейін аудандық музейлердің барлығында дерлік жалғасын тапты. Атап айтсақ, Тұрар Рысқұлов, Талас, Шу, Қордай, Байзақ аудандық музейлерінде осы жоба бойынша арнайы экспозициялық бұрыштар ашылып, қойылған экспонаттарға Брайль қарпімен жазылған қысқаша сипаттамасы және QR кодын сканерлеу арқылы смартфон арқылы тыңдауға болатын аудио файлдар да берілген.

«Тифломузей» жобасы нашар көре­тіндер мен зағип жандар үшін арнайы дайындалған көрме. Көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеуге, облыстық, аудандық музейіне экскурсия жасау барысында бейнелеу өнері музей көрмелерін, тұрақты экспозицияларын және тарихи жәдігерлерін қолымен ұстап, сипап сезінуге, ой-өрісін дамытуға бағытталған жоба.

Жобаның негізгі мақсаты – зағип және көзі әлсіз көретін жандардың қоғаммен байланысын күшейтіп, жан-жақты мәдени дамыту, рухани іс-шараларға қатыстырып, өз-өзіне деген сенімділікті арттырып, се­німсіздігін жоюға көмектесу. «Тифломузей» жобасы арқылы зағип азаматтарымыздың кеңістікті шарлау қабілетін қалыптастыруға қол жеткізу және заманауи үлгідегі QR-код қойылған экспозиция, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға смартфонға жәдігердің кодын енгізу арқылы орта ғасырлық дүниеге саяхат жасауға мүмкіндігін арттыру бас­талды.

Жобаның күтілетін нәтижесі – көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарды әлеуметтік ортаға бейімдеу. Білім берудегі тарих, география, археология саласындағы кітаптар мен дыбыстандырылған әде­биет­­терді насихаттау, музейлерде та­рихи жәдігерлерді өздігінен танып, білуге үйрету, келушілердің экскурсия ба­рысында қауіпсіздік ережелерін сақтау, мүмкіндігі шектеулі жандардың тарихи-жәдігерлерді ұстап-сезіну барысында муӨзейдің ережесіне бағыну және тарихи-өлкетану музейінде орналасқан арнайы бөлімнің бұрышындағы қазақтың көне, тарихи құндылықтарын, көне жәдігерлерін, әрбір құнды заттарды қолмен ұстап, сипап сезінулеріне мүмкіндік туғызу.