Мал қыстату – маңызды шара

0 13

Қыстың бір жарым айы қалың қарсыз өтіп, төрт түлік малды өз аяғымен өріске өргізу мәселесі қолайлы болғаны рас.

Алайда, қазақ атамыз айтқандай: «Қыс ақысын алмай қоймайдының» кері болар, соңғы күндері қыс қылышын қатты сермемесе де, ашу таныта қаһарына мініп, малшы қауымына қосымша жұмыс артты.
Осы ретте, ақаралдық малшылар да алдына салып, нәпақасын тауып отырған түліктерінің барынша жағдайын жасап, тірліктерінің тігісін түгендей бастады. Бұл науқаннан Ақарал ауылдық округінің әкімі Дос Тасқараев та тыс қалмай, ол үшін алтын уақытының арасынан арнайы «сағат ұрлап», мал басынан да жиі көрінетінін байқап жүрміз.

Жуырда округ әкімі Дос Болатұлы ауылдан шалғай жерде – тау аймағы мен төмендегі «Жеті төбе» қыстауын мекендеп, мал шаруашылығымен айналысып отыр­ған малшы қауымын кезекті рет аралап қайтты.

Алдымен, Зейнеп Отарбаеваның «Зи­кен» шаруа қожалығына ат басын бұрған Дос Тасқараев жергілікті жердегі ахуалмен танысып, мән-жайды сараласа, Елдар Бекетаев басқаратын «Ноғай-Мырза» шаруа қожалығындағы дер кезінде атқарылып жатқан жанды істердің куәсі болды.

Одан әрі Өркен Жұмағұловтың «Ақ­барысы» мен Қонай Қойшымановтың «Жігер» шаруа қожалығында да болып үлгерген округ әкімі шаруа малдарының қоңдылығына баса мән беріп, оларды қыстан шығынсыз шығару мақсатында жем-шөп қорына зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар, Дос Тасқараев төрт түліктің қараусыз қалып, жолға шығып кетуі салдарынан орын алатын жол-көлік оқиғаларының құқықтық және ма­териалдық салдары бойынша түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп өтті.

Иә, заман талабына сай, ертеңге шегерілмес көптеген міндет жүктелген ауыл әкімдеріне артылған қисапсыз тірліктің ауыр екені рас. Десек те, орайын тауып, ұтымды жолдарды қарастырған нағыз ел жанашырының басы жастыққа жиі тие бермейтінінін де білеміз. Олар уақытпен еш санаспайды және қоғам тірлігін әрқашан жоғары қоятын да солар. Ұлағатты ұстаздар отбасында өсіп, тәрбие мен тәлімді барынша алған текті әулеттің ұрпағы – біздің Дос Болатұлы осындай жан.