Күшіміз ынтымақ пен бірлікте

0 24

Қандай бір кезең, қандай мемлекеттік формациялық құрылым болмасын, ел ішінің ынтымағы мен татулығы алдыңғы қатарда тұрғаны абзал.

Ал, біздің Әділетті Қазақстанды құру жолымызда ағайынның бірлігі, оның ішінде, ұлтаралық және этносаралық татулық ең маңызды фактор. Ол басты байлық болып саналады. Сондықтан да 1-мамыр –Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі жылдар бойы кең көлемде аталып келеді.

Десек те, бәрімізге белгілідей, биыл көктемде айтып келмеген табиғи апат еліміздің бірқатар өңірінде белең алып, қасіретін көрсетуде. Ол аймақтардағы бесіктегі бала мен еңкейген кәрінің құтын қашырған кезеңде табиғи апатты ортақ ауыртпашылық деп санаған тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір халқымыз апат аймағындағы ағайынға өздерінің бар көмектерін жасап бағып, бірқатар ойын-сауық, мәдени-мерекелік іс-шаралардың уақытша шектелуін қолдайды. Бұл үрдіс қазақстандықтардың ауызбіршілігі мен тұтастығының айқын дәлелі болса керек.

Осы тұрғыда, сейсенбі күні ау­дандық Мәдениет үйінің конференц залында аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы жасы үлкен ел ағалары мен ақ жаулықты апаларымызды, сонымен қатар, ауданымыздағы этно­мәдени бірлестіктердің төраға, өкіл­дерімен шағын форматтағы жиын ұйымдастырып, халықтық мерекемен құттықтады.

– Күні кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық.Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясын өткізді. Президент ол жиында табиғи апат аймағындағы жүргізіліп жатқан жұ­мыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы ортақ істен шет қалмай, белсенді және үйлесімді істер атқарып жатқанын айтып өтті. Осы орайда, Мемлекет басшысы нақтылап жеткізгендей, біздер сын-қатерлерге біріге қарсы күресіп, әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағи­даларына негізделген, түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартатын жаңа экономика үлгісіне көшуіміз керек. Біздер, әртүрлі ұлттан тұратын Меркі жұртшылығы Жамбыл облысы бойынша алғашқы болып, апатты аймаққа азық-түлік пен киім-кешек жөнелттік. Ол үшін бәріңізге деген алғысымды айтқым келеді. Біздің өңір барлығы 3 жүк көлігімен жалпы 42 миллион теңгенің затын тиісті жерге жеткізіп, мұқтаж отандастарымызға қол ұшын берді. Жиынға қатысушы бәріңізді, сондай-ақ, Меркі жұртшылығын 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын – деп қорытқан өңір басшысы Жорабек Нұрмергенұлы бірқатар азаматтарды ауданымыздағы ұлттар арасындағы достастығы, бірлігі мен ынтымақтастығын сақтау жолында қосқан үлестеріне орай марапаттау рәсімін өткізді.

Келесі сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың төрағасы Мұратбек Көкірекбаев, өзбек этномәдени бір­лестігінің мүшесі Якуб Ибрагимов, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Шырын Мамасерікова, Славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Анатолий Банников, аудандық ардагерлер ұйымы тө­рағасының орынбасары Совет Қалманбетов және тағы басқалар өздерінің ізгі тілектерін арнап, ме­рекеге байланысты құттықтауларын жеткізді.