Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов аудан аумағындағы еңбек ұжымдарымен кездесулерін одан әрі жалғастыруда. Кезекті басқосу «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-гі мекемесінде өтті. Жиын барысында аудан басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде кеңінен түсіндіріп, олардың маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде сөз алған аудан әкімі Ата заңды жетілдіруге бағытталған кешенді жоба Конституциялық комиссияның қарауына түскен ұсыныстар мен қоғамдық талқылаулар нәтижесінде әзірленгенін атап өтті. Бұл – қоғам сұранысына жауап беретін, ел дамуының жаңа кезеңіне бейімделген құжат.
Жаңа редакция Кіріспеден, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Жоба аясында «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі» атты жаңа бөлімдер енгізіліп, бірқатар тараулардың атауы мен мазмұны заман талабына сай жаңартылған. Сонымен бірге 77-бапқа және басқа да нормаларға түзетулер қарастырылып, тұтастай алғанда Конституция мәтінінің елеулі бөлігі жаңғыртылмақ.
Аудан басшысы ұсынылып отырған өзгерістердің тек редакциялық сипатпен шектелмейтінін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамалар құқықтық айқындықты арттыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және елдің стратегиялық даму бағытын жүйелі түрде қамтамасыз етуге бағытталған.
– Конституция – мемлекеттің негізгі тірегі. Оны жетілдіру – уақыт талабы. Әрбір өзгеріс халық мүддесіне қызмет етуі тиіс, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында зауыт қызметкерлері де өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Еркін пікір алмасу форматында өткен жиын көпшіліктің құқықтық реформаларға бейжай қарамайтынын көрсетті.
Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Негізгі мақсат – тұрғындарға конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын түсіндіру, қоғамның белсенді қатысуына жол ашу.