Халықаралық Әйелдер күні – барша нәзік жандылардың, ардақты аналардың, аяулы әпке-қарындастардың, адал жар мен асыл жеңгелердің мерекесі. Біз оларға қанша құрмет көрсетсек те көптік етпейді.
Қай кезде болмасын, елдің дамуы мен қоғамның өрлеуі жолында әйелдердің өзіндік орны болған. Тарихтың қойнауына үңілсек, әр кездері ел тағдыры үшін бар ғұмырын ерлермен қатар ат үстінде өткізген батыр қыздарымыз, ерлермен бірдей еңбек етіп, түз бен тылдың ауыр жүгін арқалаған аналар мен аруларымызды да тарихымыздан жақсы білеміз.
Бұл күнде мемлекетіміз тарапынан гендерлік теңдікті, отбасы институттарын дамытуға, әртүрлі салаларда әйелдердің рөлін арттыруға қолдау көрсетіліп келеді. Соған сәйкес, әйел азаматтарға құрмет көрсетіп, лайықты бағалау да күн тәртібінен түскен емес.
Осы орайда, 8-наурыз – Халықаралық Әйелдер мерекесіне орай, ауданымызда мерекелік іс-шара жоспарына сәйкес бірқатар шаралар өткізілді. Арулар мерекесінде меркілік көпбалалы аналар да құрметке бөленіп лайықты марапаттарға ие болды. Президент Жарлығы бойынша 12 ана – алтын алқамен, 25 ана – күміс алқамен марапатталды.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Арғымбаев көпбалалы аналарды құттықтап, мерекелік сыйлықтар тарту етті.
– «Құрметті аналар, аяулы жандар! Сіздерді келе жатқан Халықаралық Әйелдер мерекесімен құттықтаймын. Сіздер еліміздің демографиялық дамуына зор үлес қосып, еліміздің ертеңгі болашағы болатын жас буынды өсіріп тәрбиелеп отырсыздар. Бұл үлкен еңбек, әрі жауапкершілік. Сондықтан, осынау мерекемен Сіздерді шын жүректен құттықтап, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз азамат болып, үміттеріңізді ақтай берсін. Мереке құтты болсын!», – деген Қайрат Рахымбайұлы Аналарға салтанатты түрде алқаларын табыстап, ізгі тілектерін жеткізді.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев пен аудандық билер кеңесінің төрағасы Медербек Өзбеков те аналарды мерекемен құттықтап, баталарын берді.