Сейсенбі күні аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде көлік инфрақұрылымы мен жастар саясатының жүзеге асырылуы сынды маңызды мәселелер қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе − аудан аумағындағы көлік қатынасы мен жолаушылар тасымалының қазіргі жағдайы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Акек баяндама жасады.
Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы жалпы ұзындығы 24,4 шақырымды құрайтын 24 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жұмыстар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Аталған жобалардың жалпы құны 726,5 миллион теңге көлемінде бағаланып, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары басталып кеткен.
Сонымен қатар, Ербол Акектің айтуынша, аудан бойынша қоғамдық көлікпен қамту деңгейі 97%-ға жеткен. Бүгінде 15 бағыт бойынша 33 елді мекенге автобус қатынасы ұйымдастырылған. Жолаушылар тасымалына барлығы 45 автобус жұмылдырылған, оның ішінде, 11-і жаңадан алынған. Жыл соңына дейін тағы 2 жаңа автобусты алу жоспарланып отыр.
Кеңесте қаралған келесі мәселе − жастар саясатының жүзеге асырылу барысы бойынша аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Жұманазаров баяндама жасады.
Орталық басшысының дерегінше, бүгінде Меркі ауданында 14 пен 35 жас аралығында 25 883 жас тіркелген, бұл − аудан халқының 29,2 пайызын құрайды. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 530 жас жұмыспен қамтылып, оның 275-і тұрақты жұмысқа орналасқан, 136-сы ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған.
Сондай-ақ, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 55 жас маусымдық жұмысқа тартылып, 18 655 шаршы метр аумақ тазартылып, 29 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылған. Жарты жыл ішінде орталық 744 түрлі бағыттағы іс-шара өткізіп, 22 406 жас қамтылған. Бұдан бөлек, 278 волонтерлік акция ұйымдастырылып, оған 5694 ерікті жас қатысқан.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, көшелерді жөндеу жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды, қоғамдық көлік бағыттарының тиімділігін саралап, халықтың сұранысына сай жаңғыртуды тапсырды.
Сондай-ақ, жастармен жұмысты жандандырып, жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамту шараларын салааралық үйлесімде ұйымдастыру қажеттігін айтты. Жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, олардың әлеуметтік бастамаларын қолдау бағытындағы жұмысты жүйелеуді де міндеттеді.