Бұл мереке 1984 жылдан бастап аталып келеді. Осыған орай, №9 коледждің 3-курс білімгерлері Меркі ауданы, Сыпатай ауылының шығыс жақ шетінде, қазіргі Тараз-Бішкек тас жолының бойында орналасқан Сыпатай батырдың кесенесіне саяхаттап, ескерткіш тарихымен танысты. Себебі, киелі орындардың тарихын білу – әр азаматтың парызы.
Сыпатай батырдың шағын күмбезді кесенесінің құрылысы ХІХ ғасырдың аяғында Қоқан әміршілеріне қарсы күрескен, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінде қол бастаған, ел басына алмағайып күн туғанда халқына пана болып, өз өлкесін жаудан қорғаған Сыпатай батырдың басына тұрғызылған. Құрылыс 9,0х9,5 м көлемінде күйдірілген қызыл кесектен өріліп, төбесі дулыға тәрізді күмбезбен жабылған.
Кесене облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің және 2017 жылғы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.
Сыпатай Әлібекұлы (1781-1868 жж.) – қайсар мінезді батырлығымен, сөзге шешендігімен, дауға әділдігімен ел арасында биік беделге ие болған тұлға. Қарапайым шаруа отбасында туып-өскен ағайынды Сыпатай мен Андас жігерлі, намысқой болып ержетіп, ел ісіне араласады.
Сыпатай батырдың кескін-келбетін К.Әзірбаев: «Зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып тастап жүре беретін. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты», – деп суреттейді.
ХІХ ғасырдың басында қоқандықтардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен Сыпатай батыр саналы ғұмырын елінің азаттығы үшін күреске арнайды. Атқа қонып, қол жинап, күреске шығады. Салық жинап жүрген Қоқан ханының жасауылдарын елден қуғындайды. Міне, осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрініп, ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді.
Алайда, тағдыры алмағайып заманға тұстас келген батырдың алдында таңдау жасауға тура келген тарихи кезеңдер тұрды. Елі мен жерінің амандығын сақтап қалу үшін басын бәйгеге тікті.
Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы қазақ батырлары мен билерінің арасында алғашқы болып осы Сыпатай батыр атамыздың 210 жылдық мерей тойын бір атаның баласындай бүкіл халық болып тойлаған едік.
Ол уақыттан бері 34 жыл өтті. 2022 жылы Сыпатай батырдың туылғанына 240 жыл тойы атап өтілді. Демеуші тарапынан кесененің күмбезінен су өтпейтін етіп қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Дәл осы тарихи маңызы бар ескерткіштерді қорғау тек қана тиісті органдардың емес, бәріміздің де парызымыз.