Қоғамға жылылық пен мейірім төгіп тұрған құндылық – рухани байлық болса керек. Сол рухани байлыққа үлес қосушы ақын-жазушыларға деген елдің құрметі ерекше. Сондай талантты ақынның бірі, Қазақстанның Құрметті жазушысы, «Құрмет» орденінің иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікованың 80 жасқа толған торқалы тойы мерейлі Меркі жерінде кеңінен аталып өтті. Кеш қонақтары әуелі аудандық Мәдениет үйінің алдындағы Жауғаш батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті. Осы жолдардың авторы үкілі домбырамен арнау жырдан шашу шашты. Мұнан соң қонақтар аудандық Мәдениет үйінің фоесіне қойылған, Шырын Мамасерікованың өмір жолына арналған «Ақ Шырын, ақын Шырын, ана Шырын» атты кітап көрмесін тамашалады.
Мұнан соң ақынның мерейтойына арналған «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты шығармашылық кешке ұласты. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтың ақынға құттықтау хатын облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев оқып берді. «Қазақ әдебиетінде ерекше орны бар ақын Шырын Мамасерікованы Жамбыл өңірі мақтан тұтады. Ақынның патриоттық, адамгершілік, Отаншылдық тақырыпқа жазылған өлеңдері оқырманның олжасы. «Бақыт», «Шапағат нұры», «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты кітаптарыңыз оқырманнан жоғары баға алған. Сізге шығармашылық табыс, зор денсаулық тілеймін» – деп жазылыпты құттықтау хатта.
Мұнан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, белгілі ақын Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, ақыннан жылы лебізін аямады. «Қазір Жазушылар одағының 1400 мүшесі бар. Мен сол ақын-жазушылардың сәлемін алып келіп отырмын. Шырын апайды жастық шағынан білемін. Қазақтың айтулы ақын қыздары өте тату болды. Шырын Бөкейқызы Алматы қаласына келгенде әйгілі ақындар Күләш Ахметова, Фариза Оңғарсынова бұл кісіні құрметтеп күтіп алып, сырласып, мәре-сәре болып жататын. Шырын ақын, бірақ, Меркісінен алыстаған жоқ. Шырынның ерекшелігі Меркі ауданында жүріп, Алматы мен Астана қаласындағы қуатты ақындарды мойындатқан өлең жаза білуінде. Кеш құтты болсын. Шырын ақынға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілеймін, – деді Мереке Құлкенов.
Кеш барысында Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов сөйлеп, Меркі ауылында тұратын Шырын ақынға барлық жылы сөзін арнап, құрметін көрсетті.
Кешті танымал ақын, облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиал төрағасы Хамит Есаман жақсы жүргізіп отырды. Кеш барысында Алматыдан арнайы келген ақындар, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов пен Ғалым Қалибек, Қазақстанның Құрметті жазушылары Пернебай Дүйсенбин, Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы ағынан жарылып сөйлеп, ақ тілектерін аямай ақтарды. «Әулиеата – медиа» жауапкепшілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Асқарұлы, облыстық «АQ JOL» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, ақын Бақытжан Әлімқұлов та жылы лебіздерін арнады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев, облыстық билер кеңесі төрағасы Оңласын Есіркепов, облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, белсенді ардагер Қасымхан Төлендиев, Меркі ауданының Құрметті азаматы Қамбарбек Иманалиев, Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев та жылы лебіз білдірді.
Аяулы ақын қызды шын көңілден құттықтап келген әпке-сіңлілері де аз болмады.
Көпшілік алдында облыстық ардагерлер кеңесі аналар алқасының төрайымы Хадиша Оспанова, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, белгілі тележурналист Ботагөз Исмайл, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғайни Әлімбекқызы, облыстық мәслихат депутаты Жанат Бастаубаева, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағали ақ тілектерін аямады.
Кеш барысында Шырын Мамасерікованың әсерлі өлеңдерін оқыды. Шырын Мамасерікованың сөзіне жазылған әндерді әнші, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі Оңал Азаматова, «Гауһартас» тобы, «Меркі әуендері» ансамблінің мүшелері орындады.
Мерейтой барысында Шырын Мамасерікова ақынға арналған жас ақындар мүшайрасының жеңімпаздары және жүлдегерлері анықталды. Камила Қанатбекқызы бірінші жүлдені иеленіп, жеңімпаз атанды. Әлия Отарбаева екінші, Ерасыл Төлеу үшінші орыннан көрінді. Оларды халық ақыны Өмірбек Қабыловтың қызы Әшіркүл Өмірбекқызы және Шырын Мамасерікова марапаттады. Алматылық әнші Бағлан Бәбіжан әннен шашу шашты. Меркілік әншілер де ақынның сөзіне жазылған әндерді мақтанышпен орындады.
Кеш соңын ақын Шырын Мамасерікова қорытындылады. «Мені киіздей қағып, тулақтай сілкіп тағдыр өзі шыңдады. Сынақтарды көрдім, қиналдым, қайта еңсе тіктедім. Бар сырымды өлеңге төктім. Өлең мені қиындықтан алып шықты. Бәріңізге көп рахмет» – деді.
Шырын Бөкейқызы жайлы Мұзафар Әлімбаев, Ақұштап Бақтыгереева өте жоғары баға берген. Шырын ақын жырлары қазақ еліне әлі де қызмет етеді.
Бұл кеште зал халыққа лық толды. Елдің ақынға деген шексіз ықыласын көрдік. Тележурналист Ғазиза Рүстемова, ақын Нұржан Әліш, Меркі аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова, архив саласының ардагері Нұргүл Оспанбекова ақ тілегін ақтарды.
Кеш соңы «Меркі әуендері» ансамблі мүшелерінің орындауында Шырын Бөкейқызының сөзіне жазылған «Жерұйығым – Меркім» әнімен аяқталды. Зал толы жұрт орнынан тік тұрып құрмет көрсетті. Меркінің таулары мен бауларын, тамаша табиғатын жырлаған, Отанын, елін жырлаған ғажайып ақын кеші әсерге толы болды.