Кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне қоғам жауапты

0 21

Мемлекетіміздің болашағы өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан, олардың саналы тәрбие мен сапалы білім алуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.  Оқушылар мен жастардың сапалы білім алуына қажетті жағдай бүгінде мемлекет тарапынан жасалып отыр. Ал, тәрбие мәселесі болса, күнделікті күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе.

Осы орайда, сәрсенбі күні, аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жауапты сала қызметкерлерімен №20, №48 жалпы орта білім беретін мектептерде ата-аналармен жиналыс өткізді.

Жиналыстар барысында Мейірхан Азатұлы қазіргі қоғамдағы оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы мәселелерге ата-аналардың назарын аударып, кәмелетке толмаған балалар арасында құқық бұзушылық пен суицид жасау әрекеттерін азайту үшін ата-аналар, мектеп ұжымы және құзіретті мекемелердің бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін айтты.Жиналыстарда ата-аналар назарына «Құқық бұзушылыққа жол бермеу», «Ұрлық – түбі қорлық» тақырыбында бейнероликтер ұсынылды.

Аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция тобының полиция майоры Динара Омарова кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу профилактикасы туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, ауданның №20, №48 жалпы орта білім беретін мектептерінің педагог-психологтары А.Назарқұлова мен Р.Умурзакованың ұйымдастыруымен, «Ата-аналарға кеңес беру», «Жанұя бақыты – шаңырақ шаттығы» атты психологиялық тренингтер жүргізілді.

Сонымен қатар, «11 жасқа толған жасөспірім қыздарға (АПВ) папилома вирусына қарсы вакцинациясының тиімділігі мен кезеңі» бойынша аудандық емхананың гинеколог-дәрігері Әйгерім Әбілхайыр ата-аналарға күз кезінде 11 жасқа толған жасөспірім қыздарға екпе салынатындығы туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Осындай кездесулер бейсенбі күні №18 және №7 жалпы білім беретін мектептерінде өткізілсе, алдағы уақытта ауданның барлық білім ордалары қамтылатын болады.