Халық қолөнері: ұрпаққа мұра, ұлтқа мақтаныш

0 24

Өткен қасиетті жұма күні, аудандық Мәдениет үйінің конференц залында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Орталықтандырылған мәдениет үйлер және клубтар жүйесі» мекемесі мен аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» атты аудандық көрме байқауы болып өтті.

Иә, әр қазақтың төрінде жиналып тұратын, қонақ келсе құрақ ұша төсеуге ұмтылатын құрақ көрпемізді ұлықтап, осы қолөнермен айналысатын аналардың көркем шығармашылық қабілеттерін шыңдау арқылы ұтпағымыз мол. Ол, яғни, құрақ өнері – біздің келер ұрпаққа мұра ретінде қалдырар азды-көпті қазынамыздың бірегейі әрі ұлтымызды өзгелерден ерек етіп, орынды кеуде көтерер мақтанышымыз болып та саналады.

Сол себепті, жастар қауымына қазақтың ұлттық қолөнерін насихаттап, олардың ұлттық қолөнерге деген қызығушылығын арттыру, халық дәстүрін сақтау, сонымен қатар, құрақшы аналарда түрлі құрақтарды эмоциямен қабылдаудағы эстетикалық сезімді дамыту мен қолөнершілер арасында тәжірибе алмасуды мақсат еткен аудандық байқауға әр ауылдық округтен, барлығы 10 ісмер тігінші қатысты.
Оларды атап өтсек, аталған байқауға Жаңатоғаннан Гүлфайруз Кезеңбаева, Ақтоғаннан Эльмира Жапарқұлова, Андас батырдан Сандуғаш Карибаева, Жамбылдан Әсет Солтыбаева, Тәттіден Манаткүл Жүнісова, Ақерменнен Балжан Дәркенбаева қатысса, Сарымолдаев ауылдық округінен, барлығы, 4 қолөнерші – Нағира Абдуллаева, Алтынбүбі Тілеулинова, Ләззат Нұрсейітова мен Жанар Өмірқұлова бағы мен бабын сынады.

Қанымызға сіңісті, дәстүр-салтымызға етене жақын құрақ өнерін ұрпақтар сабақтастығымен қабылдап, өмірінің мәні еткен қауымның әр ауылда «сен тұр, мен атайын!» дейтұғын тобы қалыптасқанын білеміз.

Осы орайда, мекендестері ақ батасын беріп, «мерейі үстем болуға сен лайықсың!» – деп, үкілеген үміттерінің жұмысына әділқазылық жасаушылардың құрамы да осал болмады.
Олардың қатарында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татығұлова, аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Әлия Әубәкірова, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Назира Қаймолдаева, Жамбыл ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Әшімкүл Өмірбекова мен аудандық тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Айман Жүрсінәлиева болғандықтан, байқаудың ақиқаттан аттамай, әділ өтпеуіне еш негіз жоқ еді.

Сонымен, қазақы дәстүр бойынша шашу шашылып, ән шырқала шымылдығы ашылған байқаудың алғысөзінде Қайнаркүл Татығұлова ұлттық қолөнерді, оның ажырамас бөлігі – құрақ құрау ісін алға ілгерілету арқылы оның мәртебесін көтеру мәселесін көтеріп, бұл байқауда нағыз ісмердің жеңіс биігіне шығуын қалайтынын жеткізді.
Келесі кезекте:
Жердің бетін неге теңеу өтімді,
Жердің беті – құрақ көрпе секілді.
Суретшінің палитрасы ол дөңгелек,

Қажет етсең, бояуы бар не түрлі – деп, ақын жырына тоқталған аудандық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Роза Байбосынова:

– Халқымыздың барлық ұлттық құн­дылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да ұрпаққа мұра және мақтаныш. Қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе. Ол, біріншіден – өнер, екіншіден – тұрмыстық бұйым, үшіншіден – ертеректе мата-ма­териал қат кезде қолданылған маталардың қиындылары рәсуә болмасын деген оймен оны да пайдаға жарату мақсатында туған, яғни, ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі. Құрақ сан алуан қиықтардан тұрады. Құрақты құрау кезінде қойылатын талап – ол мата бөлшектерінің симметриялы болуы және түстерінің үйлесімді болуын ескергеніміз жөн. Бұл өнер ептілік пен икемділікті қажет етеді. Әр істі бастар алдында мынадай халық мақалын есте ұстаған дұрыс: «Талаппен бастап, талғаммен аяқта» – деген соң, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Міне, байқауға қатысып, бағын сынау­шылар алма кезек өздерінің еңбек­терімен таныстыра бастады.
Егер, қолдары қалт етіп жатса, тігін мәшинелеріне жармасатын ауылдағы кешегі апаларымыз бен шешелерімізден жиі естіп, санамызда сақталған – сегіз жапырақ, ит табан, қызғалдақ, ботакөз, тұмарша, ши орау, ши құрақ, жұлдызша, тырна, қайшы, айшық, аю ізі, сегіз көз, ара ұясы, қошқар мүйіз, күнбағыс, орақ құрақ, алты өрім сияқты жалғасып кете беретін құрақ түрлеріне қосымша болатын, заманауи десек те жарасар – светофор (бағдаршам), корона, шахмат және т.б. жайнаған құрақтарды да тап осы байқауда ғана «жолықтырдық».

Алғашқылардың бірі болып, жұмысымен таныстырған кітапхана саласының ардагері Алтынбүбі Тілеулинова кезінде негізгі қызметінен соң ден қойған құрақ құрау өнері арқылы 5 қызына деген көрпе жасауын өзі дайындаса, ендігі кезекте, 4 немере қызы үшін көз майын тауысып жүргенін жеткізді.
Әсет Солтыбаева апамыз 76 жаста болғанымен, тігін мәшинесіне «табан тіреуін» жалғастырып, ол кісі де немере қыздарына жасау дайындау үстінде екен.

М.Әуезов атындағы мектептің ұстаздары – Жанат Өмірқұлова мен орталық ауруханада ем алып жатса да, өзінің айтуы бойынша бүгінгі байқау үшін дәрігерлердің көзін «байлап» кеткен өнерлі ханым Ләззат Нұрсейітова да өз өнерлерін ортаға салды.

Тәтті ауылынан ат арылтып жеткен Манаткүл Жүнісова 4 ұл, 4 қыздың анасы екен. Қарапайым отбасыға келін болып түскен кезінде көрпе-жастықтың аздығынан қысылған жас келін анасынан дарыған құрақ құрауды одан әрі меңгеріп, қолына ине ала, іске кіріскенін еске алды. Бұл күндері анасынан қалған асыл мұра – қол мәшинесімен осы өнері арқылы немере жасауларын дайындау үстінде көрінеді.

Байқаудың қолөнер бұйымдарын таныстыру кезеңі де аяқталды. Ортаға шыққан аудандық ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары Мелісхан Жұматаев пен аудандық Мәдениет үйінің директоры Нұржан Тулақбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудан алған әсерлерімен бөлісті.
Мелісхан ағамыз көздің жауын алар түрлі көрпе «жауған» көрме байқауы арқылы қазақтың ұлттық бірегейлігіне қайта көз жет­кізіп, өзін нағыз өнер әлемінде жүргендей сезінгенін айтты. Тіпті, «еріншек әйелдің етегі жыртық», «салақ әйелдің үйінде сабақтаулы ине жоқ» – деген мақал-мәтелдердің де мысын басып, ол жағымсыз сөздерді нағыз еңбектері арқылы жоқ етуге тырысатын бүгінгі байқауға қатысушы азаматшалар алдында тағзым етуге де даяр екеніне тоқталды.

Сонымен, әділқазылар алқасының бірауыз шешіміне келсек, байқаудың Бас жүлдесі тәттілік Манаткүл Жүнісованың тамаша өнеріне беріліп, Мәкең ханымның мерейі үстем болды. Ал, 1-орын Сарымолдаев ауылының тұрғыны, ерінбейтін ерекше тұлға Алтынбүбі Тілеулиноваға бұйырса, 2-орын Андас батырдан келген талғамы жоғары Сандуғаш Карибаеваның қоржынына «жайғасты». 3-орын сарымолдаевтық шебер келіншек Нағира Абдуллаеваның қанжығасына байланды.

Барлық жеңімпаздар арнайы диплом мен ұйымдастыру комитеті дайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталса, өнерлері үздік деп табылған өзге қатысушылар Алғыс хаттарға ие болды.
Осылайша, қолөнер байқауы соңына шықты. Меніңше, қалай десек те, бұл көрме байқауында алға шыққандар ресми түрде анықталуға жатқанымен, ұтылысқа ұшыраған ешкім де жоқ сияқты. Себебі, дәстүрлік қолөнердің артында ұлт мүддесі һәм қаракөз қазақтың өзгелерге ұқсамас бірегейлігі жатыр. Біз бәріміз сол қасиеттерді сақтай беруге үлес қостық. Нағыз жеңіс дегеніміз, осы ағайын!