Газ мекемесінің жұмысы аппарат кеңесінде қаралды

0 67

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Арғымбаев Қайрат Рахымбайұлының төрағалығымен аудандық аппарат кеңесі өтті.

Кеңестің күн тәртібінде аудандық газ бөлімшесінің ағымдағы жұмыстары қаралды.

Мекеме маманы Ахат Хамитовтың айтуынша, өткен жылы мекеме мамандарымен 2 ШРП қоршауы, 23 тұғыр, 15 пикет, 2 дана биіктікті шектеу белгілері  қалпына келтірілген. Сондай-ақ 30 газ реттейтін және газ реттейтін шкафтық пункт, 128 шкафты реттеу пункті ағымды жөндеуден өткен. Дәл осындай жұмыстар биылға да жоспарланыпты. Сондай-ақ 7 ШРП мен 2 ысырма қоршауларын және 55 тұғырды қалпына келтіру, 8307 метр газ құбырын сырлау, 22 дана белгілердің биіктігін шектеуді және 45 дана сәйкестендіру белгілерін қалпына келтіру (пикет) көзделуде екен. Жалпы Меркі газ шаруашылығында барлығы 66 қызметкер жұмыс атқарады.

Қайрат Рахымбайұлы газ мекемесінің өкіліне халыққа қызмет көрсету ісінде мамандардың өте мұқият болуын тапсырды.

Сонымен қатар кеңесте «Меркі жолаушы» ЖШС-нің жұмысы қаралды. Бұл жөнінде мекеме директорының орынбасары Құрбан Адельханов баяндады.

Аталған мекеме 2023 жылы 12 маршрут  бойынша  қызмет көрсеткен. Оның  ішінде: облысаралық  – 1 бағыт, облысішілік – 1 бағыт, ауданішілік – 10 бағыт қамтылған. Халық сұранысы бойынша осы жылдың қаңтар айынан бастап, жаңадан «Ақтоған–Аудангаз» №23, «Жемісжидек»–Аудангаз» №4, «Жамбыл ауылы – Темір жол бекеті» №3 бағытындағы 3 маршрут іске қосылып, жұмысын атқаруда. Құрбан Адельхановтың айтуынша, мекеме қарамағында  қазіргі  таңда уақытта 60 адам  жұмыс  істейді, теңгерімінде 38 автокөлік  бар. сондай-ақ 2023 жылы лизингпен жаңа  автобус алу жоспарланып, биыл жыл басында  6 автобус сатып алынған. Бұдан басқа 2024 жылы тағы да автобустарды жаңарту жоспарлануда екен.

Қайрат Рахымбайұлы әлеуметтік маршрутар бойынша ұсыныс енгізу жөнінде ауыл әкімдеріне тапсырма берді.

Сондай-ақ кеңес барысында аудан аумағындағы санитарлық-тазалық жұмыстардың орындалу барысы да қаралып, бұл мәселе бойынша да ауылдық округ әкімдері мен жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.