Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және «Super-pharm» фармацевтикалық компаниясының қызметімен танысудан басталды.
«Әмір және Д» кәсіпорны медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар өндіреді, әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалауға арналған жедел тестілердің көптеген түрін шығарады. Бұл өнімдер В және С гепатитін, ВИЧ-инфекциясын, миокард талмасын, сондай-ақ есірткі және психотропты заттарды анықтай алады. Ал «Super-pharm» – елімізде медициналық бұйымдар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Компания отандық нарықтағы бір реттік қолдануға арналған медициналық бұйымдарға сұраныстың 30 пайызын қамтамасыз етеді. Президент отандық фармацевтика индустриясының дамуы импортқа тәуелділікті төмендетіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Тараз» шағын индустриалдық аймағын аралап көрді. Президентке Жамбыл облысына инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобалары таныстырылды. Жыл басынан бері өңірге 599,2 миллиард теңге инвестиция тартылған, өсім 33 пайызды құраған. Соңғы екі жылда облыста жалпы құны 242 миллиард теңге болатын 56 инвестициялық жоба іске асырылған.
Мемлекет басшысына облыстағы жетекші кәсіпорындардың жобалары көрсетілді. Олардың қатарында «Қазфосфат» серіктестігінің минералды тыңайтқыштар өндіру және YONGGANG CENTRAL IRON and STEEL компаниясы салып жатқан металлургия зауыты жобалары бар. Сондай-ақ Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ауқымды инвестициялық жобасының аралық қорытындысы ұсынылды. Қазір күкірт қышқылын өндіретін жаңа зауытты іске қосу алдындағы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы өнім ішкі нарыққа жөнелтілді.
Алдағы уақытта пайдалануға берілетін Shengtai Biotech Co.Ltd жүгері өңдеу зауыты жөнінде де баяндалды. Шу ауданындағы бұл жобаға 1,5 миллиард доллар инвестиция салынған. Сонымен бірге Байзақ ауданындағы Zhongkai Kazakhstan International Company қант зауыты құрылысы жайында мәлімет берілді. Бұдан бөлек, KAZ FMWORLD AGRICULTURAL MACHINERY компаниясының индустриалдық аймақта шығарылатын ауылшаруашылық техникалары көрсетілді.
Президент биыл жазда іске қосылған Dala Glass әйнек өндіретін кәсіпорын қызметімен танысты. Жобаға салынған инвестиция 1 миллиард теңгені құрайды. Жылына 500 мың шаршы метр әйнек шығару жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың еңбегіне табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында мамандандырылған әскери мектеп-интернатының қызметімен танысты. Мектеп жас өскіндерге білім беріп, тегін тамақтандырады әрі тұрғынжаймен қамтамасыз етеді. Білім ошағының негізгі мақсаты – келешек Отан қорғаушыларды даярлау, оларға әскери-патриоттық тәрбие беру. Әскери интернатта курсанттар сабақтан тыс уақытта роботты техника, дронды басқару, жасанды интеллект үйірмелеріне қатысады. Болашақ әскери қызметшілерге ағылшын тілі тереңдетіп оқытылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылармен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан әскери білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Білім ошағына Бауыржан Момышұлының портретін және елімізде құрастырылған мектеп автобусын сыйға тартты.
Мемлекет басшысы жұмыс сапарының аясында Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесті.
– Жалпы, Жамбыл облысының ахуалы әкім Ербол Қарашөкеевтің баяндамасына қарағанда жаман емес. Бірақ облыстың алдында маңызды, өзекті мақсаттар тұр. Бұл мақсаттарды толығымен орындау – әкімнің және бүкіл қызметшілердің ең негізгі міндеті. Облыстың экономикасын күшейту керек. Оған қажетті жағдай да, мүмкіндік те бар. Белсенді жұмыс басталды. Жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды, – деді Президент кездесуде.
Мемлекет басшысы Қарт Қаратаудың етегін басып өткен ежелгі Ұлы Жібек жолы жолы жаңа заманда жаңа қарқынмен дамып келе жатқанын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің арқасында аймақтың стратегиялық маңызы артып отырғанын, Жамбыл облысы күн өткен сайын өркендеп келе жатқанын баса айтты.
– Мен жаңа ғана бірнеше нысанды аралап көрдім. Аймақтың даму жоспарымен таныстым. Жалпы, ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Бірақ жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек. Биыл облысқа 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. 63 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 280-нен аса елді мекенге көгілдір отын жеткізілді. Үш жылдың ішінде 13 мыңға жуық оқушыға арналған 37 мектеп салынды. Сондай-ақ 41 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Елуден астам спорт және мәдениет орталығы бой көтерді. Басқа да көптеген игі істер жасалып жатыр. Еліміз қуатты болуы үшін ең алдымен, аймақтар қуатты болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жұмыс сапары барысында Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа барғанын айтқан Президент мектеп-интернатқа осы өлкенің тумасы, әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды. Осындай Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керектігін, Үкімет бұл мәселені пысықтайтынын айта келе жұртшылық күтіп жүрген қуанышты хабарды жеткізді.
– Кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Даңқты қолбасшының нағыз ерлік жолы елімізбен қатар, шетелдерде өте танымал. Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа бүгін қол қойдым, бұл құжат міндетті түрде жарияланады. Батырдың есімі нағыз отаншылдық пен өшпес ерліктің символы ретінде әрдайым көпке үлгі-өнеге болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Биыл бір ел болып «Жұмысшы мамандықтарының жылын» атап өткенімізді, жыл бойы еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетілгенін айта келе Президент бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
– Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қызметін мінсіз атқарған адам қашанда қадірлі болады. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Бұл тұрғыдан алғанда, Жамбыл жұртының ел дамуына қосқан үлесі мол, еңбегі ерен екені белгілі. Әулиеата – нағыз еңбекқор адамдардың мекені. Қазір ортамызда жұмысын адал атқарып, халқымызға аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар отыр. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деп түйіндеді Президент.