Сейсенбі күні аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының төрағалығымен кезекті аудандық аппарат кеңесі өтті. Кеңестің күн тәртібінде аудандағы эпидемиологиялық ахуал туралы мәселе қаралды.
Бұл бойынша аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ділдаш Кударова баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша осы жылдың 7 айында аса қауіпті аурушылдық тіркелмеген. КВИ, сібір жарасы, оба, листериоз, лептоспироз, Конго-Қырым қанды қызбасы сынды қауіпті жұқпалы аурулардың тіркелу жағдайы орын алмаған.
Алайда, вирусты «А» гепатитінің 9 жағдайы, қызылшаның 77 жағдайы тіркелген. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен жылдың есепті кезеңінде гепатит тіркелмеген болса, қызылшаның 45 жағдайы анықталған. Сонымен қатар, аудан бойынша созылмалы вирусты гепатиттердің 7 жағдайы, оның ішінде үшеуі созылмалы вирусты гепатит С және төртеуі созылмалы вирусты гепатит «В» тіркелінген.
Бұдан бөлек, жедел респираторлы вирусты инфекция бойынша 9077 жағдай байқалған. Өткен жылы 7649 жағдай тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш 18,25% өскен. Туберкулез бойынша да ахуал күрделеніп келеді. 2023 жылы аталған аурумен ауырғандар саны 16 болса, биыл 18-ге жетіпті.
Ділдаш Кударованың айтуынша, аурушылдықтың артуына азаматтардың уақытылы ем-дом шараларын қабылдамауы және уақтылы скринингтен өтпеуі негізгі себептердің бірі екен.
Аудан әкімі жұқпалы ауралардың таралу жағдайына эпидемиологиялық зерделеу жүргізуді және медициналық талаптарды сақтамау себебінен аурулардың таралуына жол бермеуді қатаң тапсырды. Сондай-ақ, жұқпалы аураларға қарсы вакциналаудың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Аудан әкімі жауапты басшыларға әлемнің көптеген елдерінде таралып жатқан маймыл шешегі бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Аталған ауру елімізде тіркелген жоқ. Дегенмен, біздің аудан шекаралық аймақта орналасқандықтан, Жорабек Нұрмергенұлы шетел азаматтарын бақылап, бұл ретте шекара қызметімен тиісті жұмыстар жүргізу керектігін айтты.