Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссияларының отырысынан кейін сегізінші шақырылған Меркі аудандық мәслихатының кезекті жиырма сегізінші сессиясы болып өтті.
Меркі аудандық мәслихатының төрағасы Көкрекбаев Мұратбек Болысбекұлы төрағалық жасаған сессия жұмысына аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы, аудандық мәслихаттың депутаттары мен ауылдық округ әкімдері, сонымен қатар, аудан әкімдігі және ауданымыздағы мекеме-ұжымдардың басшылары қатысты. Сессия жұмысында күн тәртібіне қойылған – «Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» аудан аумағында орындалу барысы және білім беру мекемелерінің 2024-2025 оқу жылына дайындығы, «2023-2024 жылдары аралығында аудан аумағында орташа және күрделі жөндеуден өткен көшелердің сапасы туралы», «Меркі ауданы әкімдігінің дербес құрамын бекіту туралы» Меркі аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26-қаңтардағы №18-7 шешіміне толықтыру енгізу, аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының құрамын бекіту туралы, аудан әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының құрамын бекіту, аудандық эвакуациялық комиссиясының құрамын бекіту туралы және Меркі ауданының «Құрметті азаматы» атағын беруге ұсыныстар даярлайтын арнайы комиссия құрамын бекіту туралы, барлығы жеті мәселе қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Меркі ауданының білім бөлімі» КММ-нің басшысы Айгерім Алтынбаева баяндама жасаған соң, білім беру мекемелерінде зерделеу жұмыстары туралы аудандық мәслихаттың депутаты Гаухар Байгунусова баяндап өтті.
Тәуелсіз еліміздің тірегі – білімді ұрпақ болғандықтан, аудандық мәслихат қабылдаған шешім бойынша 2025 жылы №19, №6 жалпы орта білім беретін мектептеріне және «Балдәурен» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жолдарын қарастыру, №4, №30 жалпы орта білім беретін мектептерінде және №48, №21 мектептеріндегі қосымша ғимарат құрылыс жұмыстарының сапалы іске асырылуын және мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алу және тағы басқа бірнеше мәселе назарға алынды.
Күн тәртібіндегі екінші басты мәселе – «2023-2024 жылдары аралығында аудан аудан аумағында орташа және күрделі жөндеуден өткен көшелердің сапасы туралы» аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Р.Жетпісбаев баяндама жасады.
Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты Нұржан Қарғабаев жоғарыдағы мәселе бойынша депутаттық зерделеу жұмыстарының нәтижелеріне тоқталып, қолға алынған жұмыстардың сапалы атқарылуы бойынша ортақ ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, сапасыз атқарылған бірқатар жөндеу жұмыстарының кепілдеме мерзімінің уақыты өтпей тұрып мердігер есебінен шұғыл ретке келтірілуі назарға алынды.
Сессияның күн тәртібіндегі барлық мәселелер аудандық мәслихат депутаттары тарапынан толықтай қолдау тауып, халық қалаулыларының дауыс беруі арқылы аудандық мәслихаттың шешімдері бірауыздан қабылданды.