Еңбектің үлгісі мен өмірдің өнегесі

0 24

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған орай, аудан әкімі Ербол Жиенқұлов еңбек майталмандары Айдар Таиров пен Ұлбасын Сембиева апамызды арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.

Айдар Таиров – Сыпатай ауылының еңбекқор тұрғыны, «Сейфулла» шаруа қожалығының жетекшісі. 71 жастағы Айдар аға өмірін еңбекке арнаған жан. Қант қызылшасын өсіруден бастап, бордақылау шаруашылығына дейін дөңгелетіп отырған ол 4 ұл мен бір қызынан тараған 20 немере мен 5 шөбереге ақылшы ата. Биыл 5 гектар жерге қант қызылшасын егіп, келесі жылы алқап көлемін екі есеге арттыруды жоспарлауда. Сүт шаруашылығын да дамытуда табандылық танытып, өнімдерін Алматы қаласына жөнелтіп келеді.

Ұлбасын Сембиева – Ақтоған ауылының тұрғыны, тыл ардагері, 96 жастағы аяулы ана. Ғасырға жуық ғұмырын еңбекке арнаған Ұлбасын апа Ұлы Отан соғысы жылдары ел еңсесін тіктеу жолында қажырлы еңбек етті. 3 ұлынан тараған 32 немере мен 3 шөберенің сүйікті әжесі атанып отырған ол – отбасының мақтанышы. Апамыздың өнегелі өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі болары сөзсіз.

Аудан әкімі ардагерлерді жаңа жылмен құттықтап, биылғы жыл − жұмысшы мамандарға арналғанын атап өтті. Өмірін еңбекпен өрнектеген азаматтарға қоғамның құрметі қашанда жоғары екенін айтты.
Ербол Жұмабекұлы: «Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен ұрпаққа қалдырған өнегелі жолдарыңыз – біздің ортақ байлығымыз. Ауданымыздың дамуы мен өркендеуіне қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Әрдайым аман-есен, ұрпақтарыңыздың қуанышына куә болыңыздар!» – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Еңбекпен өрілген өмір жолы, өнегемен өркендеген ұрпақ – ел мақтанышы. Жылдан-жылға осындай азаматтарымыздың табысы еселеніп, құрметке бөлене берсін!