Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде жарияланған «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатының замана талабына сай өзектілігі сол, ол ел арасында құнды құжат ретінде танылып, ортақ пікірлер тоғысына айналды.
Аталған сұхбат, негізінен, ел дамуының барлық бағыттарын қамтығанымен, ауданымыз агросала һәм өндіріс жағынан басымдыққа ие екенін ескеріп, барша көпшілік Президентіміздің жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру ой-пікірін ерекше серпіліспен қуаттап отыр.
«Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын. Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Бұл ретте, мен осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» – деп жарияладым деген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқару керектігіне де тоқталады.
Расында, біздің Тәуелсіз еліміздің одан әрі өркендей түсуі үшін көптеген салада жұмысшы мамандары жетіспей жататыны шындық. Президент айтқандай, мол әрі тез табыс табу тұрғысынан қарағанда жұмысшы мамандығы, әсіресе, жастарды қызықтыра қоймауы да кәдік. Алайда, алдағы уақытта бұл мамандықтардың еңбек нарығын жаулап, оларға деген сұраныстың күрт өсетініне кепілдік жоқ емес.
Сондықтан, біздің мемлекеттің қазіргі қолға алған басты ұстанымы – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан барынша көмектесу екені белгілі. Осы үрдіс арқылы жұмысшы мамандықтарын дәріптесек, ол еліміздің даму кепілі болатыны да рас.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да бірқатар бағытты, оның ішінде, еліміздегі техникалық және кәсіби білім беру саласын одан әрі жаңғыртуға ұйытқы болмақ.