Дефектолог апталығы болып өтті

0 30

Аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының дефектолог маманы Тұрысова Ажар Ерікқызы бес жылдан аса уақыттан бері қызметін жемісті атқарып келеді. Жуырда аталған орталықта дефектолог апталығы өтіп, нәтижелі аяқталды.

Ең алдымен, дефектология саласының қызметін ашып көрсетсек, ол – педагогиканың көру, есту, сөйлеу мүшелерінде, ақыл-ойының дамуында табиғи кемістігі бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелерін зерттейтін арнаулы бағыт.

Сонымен, апталықтың мақсаты – балаларға беріліп жатқан білім мен тәрбиені ата-аналармен бөлісу және балалардың білім деңгейін көрсету болатын. Осы ретте, апталық барысында ба­лалардың жас ерекшелігіне сай жоспар бойынша лексикалық тақырыптар әр баламен жеке өткізілді. Сабақ барысында балаларды әлеуметтік дамыту, олардың қарапайым математикалық дағдыларын қалыптастыру, сенсорлық процестерін дамыту, ұсақ қол моторикасын дамыту жұмыстары жүргізілді. Әр сабаққа сай көрнекіліктер болды. Атап өтсек, ертегі еліне саяхат тақырыбында фетрден жасалған «шалқан ертегісін» бала саусағына киіп ертегіні маманмен бірге сомдап шықты. Жемістер тақырыбында жемістердің көлең­кесін тауып, қиылған жемістерді үлгіге қарап құрастырды, нейрогимнастикалық жаттығулар жасады.

Дефектолог апталығы соңында балалардың ата-аналары сабаққа дән риза болып, өз ой-пікірлерін де қалдырып еді.

Мысалы, Нағашбай Искактың анасы Райхан: ұлымда жақсы өзгерістер, нәтижелерді көріп риза болдым. Бұл біз үшін үлкен жетістік, білікті маман Ажар Ерікқызына айтар алғысымыз шексіз. Ұлымыз Искакқа бар күштерін салып, осындай жақсы жетістіктерге алып келген мекеме мамандарына бас иеміз – дейді.
Ал, Жұман Заңғардың анасы: дефектолог сабағына қатыстым, бірінші келгенде Заңғар сабақта отырмайтын, қазіргі таңда балам сабаққа көңіл бөліп, айтқанды тыңдап, тапсырмаларды толық орындап отыр. Бүгінгі сабақ маған ұнады, көп рақмет десе, Раяна Ұзақбайдың әпкесі Дүйсембаева Ақмарал: дефектолог сабағына қатысып сіңілімнің сабаққа деген ынтасын көрдім. Осындай түзету сабақтарының нәтижесінде Раяна қысқа әрі нұсқа сөздерді айтатын болды. Сабақта маманның сұрақтарына қысқа жауап берді, суреттен көрсетіп отырды. Дефектолог Ажар Тұрысованың сабағының өту барысы ұнады, ризалығымды білдірем. Раянада көптеген жақсы өзгерістер бар.

Әрине, ата-аналар еңбегін бағалап жатса, маман үшін одан артық мәртебе жоқ. Дефектологтың жұмысы үлкен жауапкершілік пен шығармашылықты талап етеді, десек те, ол ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қиындықтарды жеңуге және өзін-өзі жүзеге асыруға көмектесуден үлкен қанағат әкелетіні тағы бар.

Сондықтан, балаларды қоғамның толыққанды мүшесі ету жолында аянбай еңбек етіп, көптің алғысын алып жүрген аталған орталықтың дефектолог маманы Тұрысова Ажар Ерікқызына алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз.