…Айқайласам жетер ме даусым елге,
Қателестім, қор болдым, қарсы келме!
Талай өлең жазыппын өз әнінің,
Авторын танымайтын әншілерге.
Өмірден уақытында өтіп кеткен,
Ырзамын Мұқағали, Шәмшілерге.
Мен, бірақ, кішірмеймін, кердең қағам,
Ақын деп елім атақ берген маған.
Қазақтың қасиетті қара өлеңін,
Жазамын, жаза берем, елмен болам.
Күтіңдер, Жазушылар одағына,
Мен бір күні күтпеген жерден барам!
Ершат Қайболдин,
жас ақын
Тегінде, ел ішінде елеусіз жатқан нағыз таланттарды көпке танытып, олардың бойындағы бабы арқылы бағын ашатын байқауларды ұйымдастырып өткізу белгілі бір тұлғаны танымал етсе, халықтық өнердің өркендеуіне де жол ашатыны рас.
Иә, осындайда еріксіз еске түсетін: «Қоғамға қозғау салатын шын білімді мен талантты қолдап, алға шығар, ал, жылпостар мен жағымпаздар уақытша болса да өздері-ақ танылады» – деген өмірдің ащы шындығы һәм ел ішінде айтылатын тәмсіл бар. Бұл, әсіресе, қазіргі қоғамның бірқатар саласында аса зер салмай-ақ байқалатын жайт…
Ал, өнер жолы басқа, оның миссиясы – ұлтқа қызмет жасау екенін ескеруіміз керек. Сондықтан, бұл бағытта жасандылық жараспайды – ол жарға ұрады. Иә, нағыз өнер иесін жұрт жазбай танып, өзінің әділ бағасын беретін болғандықтан, ол саланың сай-тасын кездейсоқ кезбелер кезіп, мекенінен адасқан әлдекімдер мекендей алмайды.
Міне, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы тап осы өнерге тағзым ету және өнер адамын ұлықтауды мақсат санағандай.
Қ.Жандарбеков атындағы балалар өнер мектебінде өткен мүшәйраға облысымыздың Байзақ, Жамбыл, Қордай, Шу аудандары, сонымен қатар, жергілікті жерден 20 мен 35 жас аралығындағы, барлығы 6 жас ақын қатысып, бақ пен баптарын сынады.
«Шапағат» тобы «Қазақ биін» орындаған соң, 10-тамыз – Абай күніне орай «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» тақырыбында және 12-тамыз – Халықаралық Жастар күніне орай еркін тақырыпта 1 өлеңнен оқып беру сияқты екі кезеңнен тұратын облыстық жас ақындар мүшәйрасын жүргізуші, аудандық Мәдениет үйінің қызметкері Дәурен Сахов өнер жолын қуған жас ақындардың мүшәйрасын ашып беру үшін аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлын ортаға шақырды.
– «Сөзің – өзің» деген халық арасынан шыққан, мағынасы терең қазыналы пәлсапа сөз бар. Иә, кездейсоқ кездескен адамды сөзі арқылы танып білетініміз, тіпті, оған сол арқылы баға беретініміз де бар. Міне, сөз құдіреті деген осы! Ал, сөз қорын толықтырып, ел алдында екі ауыз сөзді «сүрінбей» жеткізе алу үшін кітап оқу керектігін айтқым келеді. Мен шығармалары Ана тілін сыйлар әр қазақтың төрінде тұруы қажет Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов пен Мұқағали Мақатаев сынды біртума ақындардың өнеріне тәнтімін. Оның ішінде, Қадыр ағаның қызықпай оқу мүмкін емес шығармаларымен толық таныстым десем де болады. Бұл күндері Ақтөбенің Қайыңды ауылында туған жас ақын, ойлы ақын Ершат Қайболдиннің мен үшін құнды саналатын дүниелеріне қызығушылық танытып жүрген жайым бар. Көпшілік те Мұқағали ақынның мұрасын жалғайтындай қауқарға ие осы Ершат шайырдың жыр шумақтарымен таныс болса екен деген ойым бар. Әсілінде, кітапқа құмар адам асыл сөзді тереді, ондағы терең ойдың құшағында малтып, алуан пікірлер тоғысынан нағыз адамға керекті, өмірге рухани азық болар маржан мен жауһар жинақтайды. Жай адамдарға ұқсамайтын, арқасы бар, біз байқамайтын кей құбылыстарды алыстан көретін, пайым мен парасаты өзгеше, ойы мен пікірі де бөлек ақындар қауымы сонау ықылым заманнан бері көптің қошеметіне лайық болып, төрден орын алған. Осы ретте, бүгінгі жас ақындардың мүшәйрасына қатысушы үміткерлерге табыс тілеймін. Шын дарабоз, нағыз жыр шайыры осы облыстық додада топ жарса, ол бәріміздің ұтқанымыз деп білемін. Ендеше, іске сәт! – деген Мейірхан Азатұлы осы жиынды тиімді пайдаланып, күні кеше өткен 12-тамыз – Халықаралық Жастар күніне орай бірқатар белсенді жастарды аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды.
Келесі кезекте, Ресейде өткен халықаралық «Таланты года» байқауының бас жүлдегері, жас әнші Бүркіт Оразқұловтың мүшәйраға арнаған ән шашуынан соң, жас ақындар сахна төріне шақырылды.
Олардың қатарында Байзақ ауданынан келген Сәли Нағашыбаев, жамбылдық ақын Аят Бәтей, жерлесіміз, жігерлі ақын Мадияр Ақпенов, Қордайдан келген Әділет Құттыбай, Шу қаласының үкілеген үміті Серік Спанәлі мен Шу ауданының шайыры Ернұр Ермек болды.
Облыстық мүшәйраны жүргізуші Дәурен Сахов бүгінгі байқауға төрелік етіп, сөзі мығым мықтыны анықтайтын әділқазылар алқасымен де таныстырып өтті.
Оның құрамында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры, ақын Кадалиев Айбек Амансейітұлы, «Орталықтандырылған Мәдениет үйлер және клубтар жүйесі» МҚҚК директоры Тулақбаев Нұржан Бейсенбайұлы, Ойтал ауылдық округі әкімінің орынбасары, айтыскер ақын Шәкібаев Қанат Боранбайұлы, 2022-2023 оқу жылындағы үздік педагог, республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері, облыстық «Авторлық бағдарлама» байқауының 1-орын иегері Наушабаева Гүлбағира Рысбекқызы, сонымен қатар, осы жолдардың авторы, «Меркі тынысы» газетінің Бас редакторы Нұралиев Әлихан Атыханұлы болды.
Міне, облыс бойынша іріктелген жас ақындар да жеребе бойынша кезегімен шығып, өз шығармаларымен таныстыруды бастап кетті.
Өзін киелі сахнада еркін ұстап, өлең оқу мәнерінің жоғары екенін 1-кезеңде-ақ көрсетіп үлгерген Аят Бәтей, кіріспе жыр шумақтарымен өзін таныстырып, 2-кезеңде де әсерлі өлең жолдарымен көптің көңілін жаулаған меркілік Мадияр ақын, нағыз ақынға тән, ақынға керек қасиеттері анадайдан аңқыған, өлең жолдарына терең мағына «жайғасқан» Серік Спанәлі, жас та болса жарқ еткен жігері байқалатын, өзіндік стилі бар Ермек Ернұр және басқалар өз өнерлерімен талғамы жоғары әдебиет сүйер көрерменді тәнті етіп жатты.
Десек те, өлеңнің мәні мен маңыздылығына, мәтіннің ой тереңдігіне, тіл тазалығы мен шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұны және көркемдік дәрежесіне баса назар аударған әділқазылар алқасы өздерінің ортақ шешімдерін шығарды.
Оның нәтижесінде:
Соқпақ жалған, зулап уақыт күйбелең,
Өтіп жатыр жұмыс ара үйменен.
Талан-тараж дүниеден не пайда,
Жүрмеген соң бұл фәниде сыйменен.
Ақылды көп, ақымақ та аз емес,
Думан той көп, көңіл бірақ, мәз емес.
Үйленбеген үй болуды үйретіп,
Шашым жайлы беріп жатыр таз кеңес, – деп бұл жалғанның шындығын жырлап өзгелерден оза шапқан Шу қаласының өкілі Серік Спанәлі 1-орынды иеленіп, шоқтығы биік болса, жерлесіміз Мадияр Ақпенов 4 ақынды артта қалдырып, 2-орынтаққа көтерілді. Ал, Жамбыл ауданының ақыны Аят Бәтей 3-орынға лайық деп табылып, сол биіктікке жайғасты.
Алдарынан үміт күтетін жас ақындар – Сәли Нағашыбаев «Өлең – сөздің патшасы», Әділет Құттыбай «Шебер қалам», ал, Ернұр Ермек «Көрермен көзайымы» номинацияларына ие болысты.
Барлық жеңімпаздар мен номинация иегерлері арнайы Диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сөз соңында, тіл өнері мен өлкесінде өзіндік биік орны бар ақындық саланың облысқа танымал жас шайырларын Меркі жерінде тоғыстырып, жыр сүйер көрерменге керемет әсер қалдырған әсем кешті ұйымдастырушыларға деген алғысымызды жеткізгім келеді. Бұл ретте, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Нұрбек Жұманазаров пен аталған орталықтың ұйымдастыру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Әділет Асланбекұлының еңбегін айтып өтуге болады.