Жаз айларында табиғи және дала өртінің қауіпі арта түседі. Осыған орай, дала өртіне жол бермеу, оның алдын алу және дер кезінде сөндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында, «Өрт – 2024» республикалық командалық-штабтық оқу-тәжірбиелік жаттығуы өткізілді.
Тактикалық оқу-жаттығуға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рахымбайұлы, №9 өрт сөндіру бөлімі, орман шаруашылығы, аудандық электр желісі, жол пайдалану бөлімі, медицина қызметкерлері және ауылдық округтердің еріктілер жасағы қатысты. Шара барысында азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен техникаларының, шұғыл әрекет ету топтары іс-қимылдарының дайындығы тәжірибе жүзінде пысықталды. Жалпы оқу-жаттығу жұмыстарына 98 адам және 22 техника жұмылдырылды.
Жаттығу барысында аудан әкімінің орынбасарына өрттің алдын алу бойынша дайындық сөмкелері мен құрал-жабдықтар, техникалар көрсетілді.
Оқу-тактикалық жаттығуда арнайы жасақтар өрттің тарап кетпеуінің алдын алды. Сонымен қатар, жедел-жәрдем қызметінің мамандары шартты түрде өрттен зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетті.