Қазақстан – мәдениеттер, тілдер мен дәстүрлердің ғажайып мозаикасы. Бірақ біздің басты байлығымыз – бірлік пен өзара түсіністікте. Біздің елімізде бейбітшілік, келісім мен мейірімділік сөз жүзінде ғана емес, өмір салтына айналған. Бұл – біздің ұлттық мақтанышымыз, әрбір қазақстандықтың жүрегінде сақталатын құндылық.
Қазақ елінің бірлігі нақты істерде көрініс табады. Естеріңізде болар, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін еріктілер қалай бірікті? Жастар, ересектер, тіпті балалар да қолдарынан келгенше көмектесті: бірі азық-түлік жинаса, енді бірі қаржылай қолдау көрсетті. Осы сәттерде ұлтына, дініне қарамастан, барлығы бір мақсат жолында жұмылды. Бұл – біздің рухымыздың күші, бір-бірімізге деген шынайы жанашырлығымыз.
Қазақстандықтардың бір-бірінің қуанышына ортақтаса білуі де ерекше. Олимпиада ойындарындағы спортшыларымыздың жеңісі кезінде бүкіл ел болып қуандық. Олардың әрбір медалі – тек жеке жетістік емес, ұлттық мақтанышымыздың символы. Біз қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек немесе басқа ұлт өкілінің жеңісіне қарамастан, біртұтас ел ретінде шаттанамыз. Бұл – біздің жүрегіміздің кеңдігі, бір-бірімізді шынайы қолдау қабілетіміз.
Қазақстанның көп мәдениеттілігі – біздің байлығымыз. Қазақтың дәстүрлі қонақжайлығы, орыстың әндері, ұйғырдың билері, кәрістің асханасы, өзбектің қолөнері – осының бәрі біздің еліміздің бірегей бейнесін қалыптастырады. Бұл әралуандылық бізді бөліп-жармайды, керісінше, байытады. Әрбір мәдениет өзіндік бояуын қосады, ал қазақ тілі – осы әралуандылықты біріктіретін алтын жіп. Қазақ тілі – тек байланыс құралы ғана емес, ол біздің ортақ тарихымызды, рухымызды және болашағымызды біріктіретін күш. Тіл арқылы біз бір-бірімізді тереңірек түсініп, ортақ құндылықтарымызды нығайтамыз.
Бейбітшілікті сақтау – біздің ортақ міндетіміз. Бір-біріміздің ерекшеліктерін құрметтеу, қуаныш пен қайғыда бірге болу, қол ұшын созу – осы қағидалар біздің елімізді мықты етеді. Біздің әрбір ісіміз, әрбір сөзіміз осы бірлікті нығайтуға бағытталуы керек. Бір-бірімізге мейіріммен қарап, қуанышымызды бөлісіп, қиындықтарды бірге еңсерейік.
Қазақстанның болашағы – біздің қолымызда. Біздің балаларымыз бейбіт, тату және гүлденген елде өмір сүруі үшін бүгіннен бастап бірлікті, мейірімділікті және өзара құрметті нығайтайық. Бірлікте – біздің күшіміз, ал мейірімде – жүрегіміз!
Кулаим Шагааева