Ағымдағы жылдың 20 тамызы күні «Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №4 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ардагер ұзтаздарға арналған бұрыш ашылды. Іс-шараға облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің белсенділері қатысты.
Бүгінде талай түлектің томағасын қайырған білім ордасындағы ардагер ұстаздарға арналған бұрыштың тұсауын облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Набижон Салахатдинов пен бірлестіктің Аналар кеңесінің жетекшісі Диляром Каримова кесті. Жиынға қатысушылар білім саласына ғұмырын арнап, мектепке еңбегі сіңген этнос ұстаздарын ерекше еске алып, ыстық естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара бұдан әрі ел бойынша 1 мен 31 тамыз аралығында өтіп жатқан «Мектепке жол» акциясына ұласты. Атаулы науқан аясында аймақтағы өзбек этномәдени бірлестігі әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, көп балалы 30 отбасының балларына мектеп формалары, сөмкелер, аяқ киімдер және оқуға қажетті құрал-жабдықтар үлестірді.
Жиын мектеп басшысы Сандуғаш Алиева мен ұжым ұстаздары айтқан алғыс сөздерімен түйінделді.