1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күні кішкентай бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөлініп, балаларға арнап әртүрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
Осыған орай, бүгін әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының демеушілігімен, мүгедектігі бар балаларға арнайы дастархан жайылды.
Іс-шараға аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы және ата-аналар қатысты.
Аудан әкімі бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Балаларға жарқын болашақ тілеп, мерекелік сыйлықтарын тарту етті.
Жорабек Нұрмергенұлы аудандағы балаларды оңалту және бейімдеу стандарттарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті. Аудан бойынша жалпы бүгінгі таңда 392 мүмкіндігі шектеулі бала бар болса, олардың барлығы мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылыпты.
Сонымен қатар, іске әйелдер қауымдастығының төрайымы Әлия Әубәкірова және балалардың ата-аналары ұйымдастырушылардың барлығына алғыс айтып, мерекелік құттықтауларын жеткізді.
Аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының педагогтары ән айтып, би билеп, анимациялық көріністермен балалардың көңілдерін көтерсе, бүлдіршіндер де ән салып, тақпақ айтып өз өнерлерін ортаға салды.
Мерекеге аудандық оңалту оталықтарында оңалту және бейімдеу шараларын қабылдап жатқан жалпы 100 бала қамтылып, барлығына мерекелік сыйлықтар мен балмұздақтар таратылып берілді.