2025 жылғы 27 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында Жамбыл облысы аумағында «Бақытты отбасы – бақытты ел» атты республикалық акция өтуде. Бұл шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және қоғамда салауатты қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.
Акция шеңберінде аудан көлемінде бірқатар мазмұнды кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, аудандық кітапханада және Жастар ресурстық орталығында әйелдер қауымымен, сондай-ақ жастармен арнайы кездесулер өтті. Жиын барысында қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары, құқықтық қорғау тетіктері мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, отбасындағы өзара сыйластық пен сенімді қарым-қатынастың маңызы түсіндіріліп, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған пікір алмасулар болды.
Мұндай кездесулер халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге, отбасы институтын нығайтуға, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы татулық пен ынтымақты нығайтуға өз ықпалын тигізеді.