Жуырда Ақарал ауылдық округінде аудандық округтік төрайым аналардың қатысуымен, қазақтың әдет-ғұрпына бағытталған «Әжемнің айтары көп» атты тағылымды әдеби кеш өткізілді.
Мақсаты: Қазақ халқының қанына сіңген ізгі адамгершілік қасиеттерінің халықтың салт-дәстүрлерімен сабақтастығын түсіндіру, рухани, тәрбиелік бағыттағы мазмұнын ашу, үлкендердің өмірлік тәжірибесін, даналық сөздерін, ұлттық құндылықтарын дәріптеу.
Кеш қонақтарын күмбірлеген күймен қарсы алып, Ақарал ауылдық округінің Ақсақалдар ұйынының төрағасы мен Аналар кеңесінің төрайымы, округ әкімі қонақтарды екінші қабатта орналасқан көрмеге әкелді. Онда аудан округі аналарының атқарған іс-араларының фотокөрмесі болса, бір бұрышты ауыл әжесі бүлдіршіндерге «Шалқан» ертегісін баяндап берді. Ауыл әжелері жүн сабап, ұршық иіріп, ауылдың алтыауызын айтты. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы көрмесі мен ұлттық киімдер көрмесі де көрермен жүрегінен орын алды.
Жаңбыр менен жер көгерер,
Батаменен ел көгерер, – дегендей, үлкендердің, ұлағатты адамдардың берген батасы тарихта ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болған, – дей отырып, тағлымды кешті дуалы атаның батасымен ашты.
Ата салтым – асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,Өткенімді бүгінменен жалғадым, – дей отырып, Меркі аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова бүгінгі іс-шараның өмірлік мәні туралы тоқтала отырып, кеш шымылдығын ашты.
Тағылымды кеш бірнеше аялдамадан тұрды:
1-Аялдама. «Ұрпаққа үлгі болған әже» қойылымы. Тыйым сөз. «Үлкеннің алдын кеспе». Жамбыл округінің Әшімкүл Өмірбекова ана бастаған аналар өз өнерлерін ортаға салды. Әжелердің орындауында «Замандас» әні шырқалды.
2-аялдама. «Ұлттық дәстүр – өмір өзегі». көрінісы. Салт-дәстүр. Бесікке салу. Ақарал ауылдық округі аналары бесікке салу рәсімін көрсетіп, «Бесік жыры» әнімен өз көрсетілімдерін аяқтады.
3-аялдама. «Әжемнің қазына сандығы». Дәстүрлі рәсім «Шашбау тағу». Ойтал ауылдық округі аналары шашбау мен шашбау тағудың, шашбаудың қыз бала өміріндегі орнын ашып көрсетті. Құрамаева Гүлнұр «Шашбаулым» әнін тамылжыта жанды дауыспен шырқады.
4-аялдама. «Әжелер өнегесі». Көрініс. «Келін – ене топырағынан» Ақермен округі аналары енеден үлгі алған келіннің тамаша көрінісін бейнеледі. «Ақбастау» ансамблі «Қымызға шақыру» биін билеп, Оңланкүл Махашова «Өмір» әнін орындады.
5-аялдама. Сән мен сымбат. Ұлттық киімдер үлгісі. Ақарал ауылдық округі тұрғындары ұлттық киім үлгісін көрсетті.
Роза Байбосынова ханым көрермендермен және оқушылар арасында «Мақалды тап» ойынын ойнатып, жүлдегерлерді марапаттады.
Әжем айтқан ертегі қайрат берді өмірге, – дей отырып, жыл көлемінде әрбір округтен балабақшаға барып, әженің ертегісін айтып жүрген 14 округтің бір-бір ертегіші әжелерін марапаттау рәсімі болды.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев мырза әжелерді аудан әкімінің Алғыс хатымен және Жақсыбала Дауленбаева мен «Күншуақ» медицина орталығының меңгерушісі Раушан Махатова демеушілік жасап, жыл көлемінде «Әжемнің ертегісі» тақырыбы бойынша ертегі айтып жүрген аналарды заттай сыйлықпен марапаттады.
Кеш қонағы Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері Метерқұлова Фарида Оразқызы өзінің ойын ортаға сала отырып, осы іс-шарада өз үлестерін қосқан округ төрайымдарын алғыс хатпен марапаттады.
Іс-шараны Роза Байбосынова қорытып, келген қонақтар мен қатысқан аналарға өз алғысын білдірді.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, осы кештен тағылым алған әрбір жас ұрпақ болашақта салтын сүйген, халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт-дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдіміз.