Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» атты XII өңірлік азаматтық форум өтті. Қоғамдық пікір көшбасшыларын, сарапшыларды, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тоғыстырған бұл форум екі күн бойы азаматтық сектордың даму перспективаларын жан-жақты талқылауға арналды.
Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Қазақстанның Азаматтық Альянсының басшылығы, өңірлік және республикалық деңгейдегі қоғам қайраткерлері мен депутаттар қатысты. Форумды ұйымдастыруға Жамбыл облысы әкімдігі мен өңірлік Азаматтық Альянс та белсенді атсалысты.
Форум жұмысы үш бағыттағы секциялық кездесулермен басталды. Бірінші секцияда цифрлық белсенділік пен жасанды интеллект технологияларын азаматтық секторда қолдану мәселесі көтерілді. «Жамбыл облысы Жастар мәслихаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Намелбек «Komek AI» жобасы аясында Big Data негізінде жасалған шешімдер үкіметтік емес ұйымдардың тиімділігін қалай арттырып жатқанын нақты мысалдармен баяндап берді.
Ал, екінші секцияда инклюзивтілік пен тең құқық мәселелері талқыланды. Әлеуметтік осал топтардың қоғам өміріне белсенді араласуы, оларға нақты жағдай жасау – бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі. Бұл бағытта сөз алған спикерлер қатарында еліміздің әр өңірінен келген тәжірибелі ұйым жетекшілері болды. Қатысушылар нақты ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салып, бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Үшінші секция үкіметтік емес ұйымдарды еңбек нарығындағы жаңа талаптарға бейімдеу мәселесіне арналды. Бұл кездесуде жастардың азаматтық секторға тартылуы мен еріктілік мәдениетін дамыту жолдары қарастырылды.
Форумның екінші күні азаматтық қоғамды дамытудың 2-кезеңіне арналған кеңейтілген конференциямен жалғасты. Конференция жұмысын Жамбыл облысы Азаматтық Альянсының төрағасы Исламбек Дастанұлы жүргізіп, алқалы жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашты. Серік Жақсылықұлы өз сөзінде азаматтық қоғамның қоғамдағы орны мен мемлекетпен әріптестігін айрықша атап өтіп, нақты сандарға тоқталды. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 1494 үкіметтік емес ұйым тіркелген болса, соның 1100-ден астамы белсенді жұмыс істеп келеді. Аймақта 75 этно-мәдени бірлестік, 41 діни ұйым және 7 саяси партия филиалы тіркелген. Бұл ұйымдар өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-саяси өміріне айтарлықтай үлес қосуда.
Сонымен қатар, биыл облыстағы 12 қоғамдық кеңестің құрамы толығымен жаңартылып, жастардың үлесі 12,4 пайызға жеткен. Бұл – азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісіне деген қызығушылығының артқанының көрінісі.
Аймақтық азаматтық қоғамды қолдауға бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Оның 76,4 пайызға жуығы, яғни, 948222500 теңгесі әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытындағы жобаларға жұмсалса, қалған 23,6 пайызы – 292906400 теңге көлеміндегі қаржы, білім, денсаулық, жастар саясаты, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, діни сауаттылық сынды салаларды қамтитын жобаларға бағытталады. Ағымдағы жылы жалпы саны 140-тан астам әлеуметтік жобаны іске асыру жоспарланған.
Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева және ҚБТУ профессоры, PhD Қайыржан Әбдіхалықов сөз сөйлеп, форум жұмысының өзектілігін атап өтті.
Форум соңында азаматтық қоғамға сіңірген еңбегі үшін бірқатар белсенділерге облыс әкімінің және Қазақстан Азаматтық Альянсының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттары табысталды.
Сондай-ақ, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ тарапынан Байзақ ауданының Үлгілі ауылында әлеуметтік жобаны жүзеге асыру үшін 4 500 мың теңге көлемінде мемлекеттік емес грант бөлінетіні жария етілді. Аталған жоба шеңберінде қоғамдық пікірталас өткізіліп, тұрғындар ауылдағы нақты бір әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған бастама таңдайды. Бұл, мысалы, балалар ойын алаңы немесе демалыс орнын абаттандыру болуы мүмкін. Жоба нәтижесінде жүзеге асырылған нысан кейіннен жергілікті әкімдіктің балансына беріледі.
Жалпы бұл форум – еліміздің азаматтық қоғамын дамыту жолындағы нақты қадам, тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты тереңдетудің жарқын үлгісі болды.