8 наурыз – Халықаралық Әйелдер мерекесіне орай, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Аяулы Аналарға тағзым» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты шараға ауданның білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері және дарынды оқушылары қатысты.
Ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек барша әйелдер қауымын мерекемен құттықтады: «Құрметті аналар, аяулы ару жандар! Баршаңызды келе жатқан көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Біз анасын ардақтаған, қызын қадірлеген, жарын құрметтеген халықпыз. Халқымызда әрбір үйдің берекесі қыздың қабағында тұрады деген сөз бар. Қызды ренжіткен үйден береке қашады дейді. Сондықтан, бүгінгі мерекеміз сіздерді құрметтеуге арналады», – деп Мұқағали Мақатаевтың «Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің» атты өлеңін оқып беріп, аналарға құрмет көрсетті.
Шара барысында білім қызметкерлері мен оқушылар аналар мен аяулы арулардың құрметіне арналған әндер шырқап, билер орындады.
Сондай-ақ балабақша тәрбиеленушілері мен оқушылардың орындауындағы поэзиялық жыр шумақтары да барша аналар мен аруларға арналды.
Шара соңында аудандық білім бөлімінің басшысы мен іс-шара демеушісі Дастан Айтуленов дарынды балаларға арнаған мерекелік сыйлықтарын тарту етті.