Расында, ауылдың айналасы, көше бойлары жарқырап, гүлзарлар мен тал-тарақтар жайқалып тұрса, бұл – тыңғылықты тәртіп пен жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін білдіреді. Ал, осындай жақсы істерді насихаттап, көпшілікке көрсету – қоғамды ортақ мақсатқа, жоғары жетістіктерге жетелейді.
Осыған орай, бүгін тазалық мәселесіне ұжым болып көңіл бөлудің нәтижесінде, көпке үлгі болып отырған №22 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде аудандағы бірқатар мекемелердің басшыларымен семинар-кеңес өтті.
Ондағы мақсат – аталған мекеменің ауласындағы абаттандыру жұмыстарын үлгі етіп көрсету арқылы, жалпы аудандағы тазалықты сақтау, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандардың айналасын көгеріштендірудің тиімді жолдарын тәжірибе жүзінде көрсету болатын.
Семинарда аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек іс-шара мақсатының маңыздылығына тоқталды. Ауыл-аймақты, барлық әлеуметтік нысандардың айналасын көріктендіру мен тазалықты қамтамасыз етуге баршамыз жауапты екенімізді жеткізген Мейірхан Азатұлы бұл үшін ең бастысы, жауапкершілік пен ынта керек екенін де баса айтты.
Мәселен, Дулат Маратұлы жетекшілік ететін спорт мектебінің ұжымы өткен жылы, ешқайдан сатып алмай-ақ, ауладағы раушан гүлдерінен кесіп алып 1000 түп көшет отырғызған. Биыл соның 700-ден аса түбі өніп, бүгінде жайқалған гүлзарға айналған. Бұл – ешқандай қаражат шығармай, жоқтан бар жасап, барды ұйқастырудың жарқын көрінісі, айқын мысалы десек болады.
Осыған орай, семинарда білім, мәдениет, денсаулық және тағы басқа да әлеуметтік мекемелердің басшыларына аулаларда гүл егіп, оған жүйелі күтім жасап, жасыл-желекке айналдыруға болатыны түсіндірілді. Осындай жүйелі жұмыс жүргізу арқылы балаларды, жастарды еңбекке баулуға, олардың тәртібін түзеуге болатыны туралы талқыланды.
Ауылдық округ әкімдеріне де көше бойларын, қоғамдық орындар мен кәсіпкерлік нысандарының айналасын осылай жайқалтып, жайнатып қоюға болатыны жөнінде айтылып, осы бағытта жаңаша көзқарас танытып, жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылды.
Жалпы айтқанда, табиғаттың тазалығын қорғап, айналамызды аялап ұстау – тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың да міндеті. Әр адам қоршаған ортаны сақтауға өз үлесін қосқан жағдайда ғана болашақ ұрпаққа таза және қауіпсіз табиғатты қалдыруға болады.
Мемлекет басшысының бастамасымен республика бойынша жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының да түпкі мәнісі осында.