Ауылды өркендетуге бағытталған нақты істер

0 23

Сейсенбі күні Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының де­путат­тары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев жұмыс сапарымен Меркі ауданына келді. Аудан әкімі Ербол Жиенқұловпен бірге бірқатар нысандарды аралап, өңірде жүзеге асып жатқан жобалардың барысымен танысты.

Сапар барысында сенаторлар алдымен Андас батыр ауылдық округінде болып, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен салынып жатқан суару жүйесінің құрылысын көрді. “АПТ” суару каналдарының құрылуы – аймақтағы суармалы жерлердің өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына серпін беретін маңызды бастама ретінде бағаланып отыр.

Сенаторлар бұдан кейін Сұрат ауылдық округіне ат басын бұрып, «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін жинау науқанына қатысты. 600 гектар алқапқа арпа, қант қызылшасы мен супер элита бидайы егілген. Шаруашылық сапаға мән беріп, өнімділік жоғары болу үшін элиталық тұқым түрлерін пайдалануды қолға алған. Ауыл еңбеккерлерімен тілдескен сенаторлар олардың тәжірибесі мен табандылығына жоғары баға берді.

Содан соң олар Жамбыл ауылдық округінде халық қалаулылары «Ауыл аманаты» жобасы арқылы іске асқан саңырауқұлақ өсіру кәсібімен танысты. Жоба аясында кәсіпкер Айткүл Муслимова 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, өз ісін бастап, бүгінде екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қалдықтарды тыңайтқыш ретінде қайта өңдеу арқылы бұл жоба экологияға да зиян келтірмей, табиғи тепе-теңдікті сақтап отыр.

Сапар қорытындысында сенаторлар ауданның даму қарқынына оң бағасын беріп, қолға алынған бастамалардың әлеуметтік-экономикалық өрлеуге жол ашатынын атап өтті. Ең бастысы — бұл жобалар ел игілігіне жұмыс істеп, ауылдың тыныс-тіршілігін жандандыруға нақты үлес қосып отыр.