«Ауыл мәдениеті – ел айнасы»: өнер мен дәстүр тоғысқан үлкен мереке

0 7

Меркі ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жатқан «Ауыл мәдениеті – ел айнасы» мәдениет және өнер байқауы ауданның әр ауылдық округінде жалғасып, елді мекендердің тыныс-тіршілігін, ұлттық өнерін, тарихи құндылықтары мен жаңашылдығын кеңінен паш етуде. Бірлік пен руханиятты дәріптеген мерекелік шаралар әр ауылда өзіндік өрнегімен ерекшеленді.

Сарымолдаев ауылдық округі – дәстүр мен өнердің ордасы
Кезекті кезең Сарымолдаев ауылында, №22 мектеп алаңында өтті. Шара қонақтарды қазақтың ежелгі салтымен қарсы алудан басталып, ауыл ақсақалдары мен аналардың ақ батасымен жалғасты. Құрметті қонақтардың қатарында ақын Шырын Мамасерікова болды. Ол сахнадан жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, ұлттық мәдениетіміздің ұрпаққа аманат екеніне тоқталды. Ауыл шеберлерінің қолынан шыққан ою-өрнекті көрпелер, ұлттық нақыштағы картиналар көрме төрінен орын алды. Концерттік бағдарламада «Асыл әжелер» тобы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқаса, жас домбырашылар күмбірлетіп күй төкті. Рая Құрамаева «Ауылым» әнін орындап, көрерменнің жүрегін елжіретті. Баян аспабын еркін меңгерген Оспанова шәкірттерімен «Май түні» күйін, ал, Тельтаева Алтынай «Туған жер» әнін орындап, кешті әрледі.

Жамбыл ауылдық округі – қолөнер мен бірліктің мерекесі
Жамбыл ауылында өткен байқау алаңы тұрғындардың қолынан шыққан әсем бұйымдармен айшықталды. Түскиізден тоқылған картиналар, тастармен көмкерілген сөмкелер, қолмен тоқылған аяқ киімдер көпшілікті таңқалдырды.
Мерекелік концертте ауыл өнер­паздары ән мен күйден шашу шашып, жас домбырашылардың өнері көрерменге ұлттық әуеннің әсемдігін сездірді. Бұл күні ауылдың тазалығын сақтауда үлгі болған отбасылар да құрметке бөленді. Ауыл әкімі Ербол Байболсынов «Таза ауыл» жобасының жеңімпаздарын марапаттап, ынтымақ пен татулықтың қадірін атап өтті.

Ақермен ауылдық округі – тың серпіліс әкелген жаңашылдық
Ақерменде өткен мереке ерекше форматымен ел есінде қалды. Шараның басты көрінісі – «Саяхат көлігі» атты шығармашылық тұжырымдама болды. Арнайы жасалған автобустың әр аялдамасы көрерменді рухани саяхатқа жетеледі. «Абай» бекетінде ақынның әндері мен өлеңдері шырқалса, «Конституция» бекетінде Ата Заңның мерейтойына арналған қойылымдар ұсынылды.
Сондай-ақ, еңбек адамдарының бейнесін сомдаған флешмоб пен әжелер сахналаған «жүн сабау» рәсімі ерекше әсер қалдырды. Мереке барысында Абай шығармашылығына, Шырын Мамасерікованың 80 жылдығына арналған көрмелер ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өткізілді. Ақермендіктердің бұл тың бастамасы байқауға жаңашыл серпін қосты.

Рысқұлов ауылдық округі – дәстүр мен өнердің жарасымы
Рысқұлов ауылындағы байқау жанрлық әртүрлілігімен ерекшеленді. №28 мектеп ұжымы Ә.Желдібаевтың «Ерке­сылқым» күйімен кешті ашып, ұлттық өнердің құдіретін сездірді. Сахна төрінде Жолшыбек Базарқұл А.Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнін, «Алтын қазына» әкелер тобы халық әні «Беу айдайды» орындады.
Ауыл өнерпаздары поэзия оқып, халық әндерін шырқады, әжелер тобы Абайдың әуендерін жеткізді. Жанат Бақтиярдың «Қаракөз» әні, жасөспірімдердің ұлттық билері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл күні рысқұловтықтар дәстүрлі өнер мен жаңашылдықты ұштастырып, сахнада үлкен мерекелік көрініс жасады.

Ойтал ауылдық округі – бірлік пен өнер тоғысқан кеш
Ойталдағы мереке Достық саябағында өтті. Мұнда балабақша бүлдіршіндерінің, оқу орталығы шәкірттерінің, ауыл спорт­шылары мен кәсіпкерлерінің туындылары көрмеге қойылды. Қонақтарға дәмді тағамдар ұсынылып, мереке думанды көрініске айналды.
Салтанатты ашылуда аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев пен қазылар алқасының төрайымы Шырын Мамасерікова ізгі тілектерін жеткізді. Концертте ауыл тарихынан сыр шерткен қойылым, «Асыл» әжелер тобының «Ойталым» әні, жас домбырашылардың күйі, жастардың ән-билері орындалып, көрерменнің жүрегін елжіретті. Жас өнерпаздар «Жерұйығым Меркім», «Әже әлди» секілді әндерді орындап, кештің сәнін кіргізді.

Өнерді дәріптеген ортақ мерей
«Ауыл мәдениеті – ел айнасы» байқауы өткен әр ауыл өзіндік ерекшелігімен дараланып, халықтың өнерге, дәстүрге деген сүйіспеншілігін паш етті. Қолөнер көрмелері мен сахналық қойылымдар, ұлттық ән-күй мен заманауи туындылар үйлесім тапты. Бұл бастама ауыл мәдениетін жандандырып қана қоймай, тұрғындардың бірлігін, жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттырды.
Байқаудың келесі кезеңдері ауданның өзге ауылдық округтерінде жалғасын табады.