Ауданның дамуы – өзекті мәселе

0 4

Дүйсенбі күні аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың Меркі ауданы тұрғындарымен 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланған тұрақты кездесулері басталды. Алғашқы кездесу орталық Меркі ауылдық округінің тұрғындарымен өтті.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиында аудан әкімі 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы ауданның негізгі даму бағыттарында оң нәтижелер қалыптасты.

Ауыл шаруашылығы саласында жалпы 44 млрд. 185,6 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,3 пайызды құрады. Ал ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 92 717,2 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8773 гектарға ұлғайған.

Өнеркәсіп саласында да оң нәтижелер байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары тарапынан 15 млрд. 358,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады.

Кездесу барысында аудан әкімі орталық округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, бұған дейін тұрғындармен өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысын баяндады.

Атап айтқанда, Меркі ауылындағы «Балдәурен» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізу, тау шатқалына апаратын жаяу жүргіншілер жолын салу, сондай-ақ, Меркі шипажайы елді мекеніндегі ауыз су мәселесі бойынша тұрғындар тарапынан айтылған өтініштердің бүгінгі таңда оң шешімін тапқаны жеткізілді.

 Сонымен қатар, аудан әкімі округ аумағында, жалпы аудан көлемінде әлі де шешімін күткен өзекті мәселелер бар екенін атап өтті. Бұл бағытта оларды кезең-кезеңімен шешу үшін нақты жоспарлар әзірленіп, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Кездесу барысында Ербол Жиенқұлов тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Осы күні түстен кейін аудан әкімі дәл осындай кездесуін Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен өткізді.