Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай, аудандық спартакиада өтті.
Спартакиада спорттың волейбол, арқан тартыс, дартс, садақ ату және қол күресі түрлерінен өтті. Оған Меркі ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, аудандық мәслихат аппараты қызметкерлері мен депутаттары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, мекеме басшыларынан құралған 6 команда қатысты.
Салтанатты ашылу шарасына аудандық мәслихаттың төрағасы Мұратбек Көкрекбаев, облыстық мәслихат депутаты Гүлжан Тілеубердиева қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен жарыстардың қорытындысы бойынша, командалық спорт түрлері волейболдан 1-орынды аудандық мәслихаттың командасы, 2-орынды – ауылдық округ әкімдері, 3-орынды – бөлім басшылары жеңіп алды. Арқан тартыстан да мәслихат командасы мықтылығын танытып, 1-орынды иеленді. Екінші орынға ауыл әкімдерінің командасы жайғасса, 3-орынды мекеме басшылары жеңіп алды.
Сонымен қатар, жекелеген спорт түрлерінен жарыстар өте тартысты өтті.
Ал, жалпыкомандалық есепте мәслихат командасы – 1-орынды, мектеп директорлары – 2-орынды, бөлім басшылары – 3-орынды иеленді.