Аудандық депутаттар тал егу челленджін бастады

0 25

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын». Тал егуге ежелден ерекше мән берген бабаларымыздан бұл нақыл сөз бекер қалмаған. Тал егу – алдымен сауапты іс болса, сондай-ақ, бұл – табиғат анамыз бен қоршаған ортаға деген адамзаттың қамқорлығы екені сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық экологиялық акциясының үшінші ап­талығы да дәл осы тал егуге арналып отыр.
«Жасыл аймақ» тақырыбындағы өтетін апталықта туған өлкеге тал егіп, барынша абаттандыруға, жасыл­дандыруға мән беріледі.

Осынау акция бүгін аудандық мәслихат депутаттарының үн қо­суымен, үлкен қолдауымен басталды. «AMANAT» партиясының бастамасымен аудандық дендросаябақта тал егу акциясы ұйымдастырылып, игі бастама ізгі ниетпен челленджге ұласты.

Әрбір адамның азаматтық борышы саналатын тал егу ісіне аудандық мәслихат депутаттары түгел қатысты. Дендропарк аумағындағы арнайы орынға жүйелеп, әр талдың орнын белгілеп тұрып, 50 түп еуропалық қарағай ағашын отырғызды.

Аудандық депуттар тал егу ісі дәстүрге айналса деген сенімдерін білдірді. Егілген талдардың алдағы уақытта жайқалып, жасыл аймаққа айналуын бақылауда ұстаймыз деген халық қалаулылары білім және денсаулық саласының қызметкерлеріне челлендж жолдады.