АУДАНДЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАРАЛДЫ

0 24

Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2023 жылы атқарған жұмыстары және 2024 жылға арналған жұмыс жоспарының орындалу барысы туралы есебі өтті.

Жиынға Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы Айдапкелов, аудан әкімінің орынбасары Арғымбаев Қайрат Рахымбайұлы және сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, ауыл әкімдері, БАҚ өкілдері, аудандық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

Кездесуге төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рахымбайұлы ауданда өткен сайлау процестері туралы ақпарат айтып өткен соң, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Абылкасымов Шорман Төреханұлы баяндама жасап, 2023 жылғы 19 наурызда өткен ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу қорытындысы, 2023 жылы 5 ауылдық округтің әкімдерінің сайлаулары туралы баяндады.

Сонымен қатар, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Танкеев Айрат Нұрханұлы аудандағы сайлаушылар, сайлау учаскелері және сайлаушылар тізімін өзектендіру, әр сайлаушының мәліметтеріне тұрғылықты мекенжай кодтарын енгізу жұмыстары бойынша баяндама жасады.

Сондай-ақ Серғали Өмірзақұлы 2023 жылы өткен сайлау науқандары жайлы айтып, 2021 жылдан бастап облыс көлемінде ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өткізіліп жатқандығын, ауыл әкіміне кандидаттарды ұсыну барысында саяси партиялармен бірге жеке азаматтардың тарапынан өзін-өзі ұсыну белсенділігі едәуір артқандығын жеткізді.

Жиын соңында сайлау науқандарын ұйымдастыру және өткізу кезеңінде жоғары белсенділік танытқан комиссия мүшелері мен қоғам белсенділері Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының және Меркі ауданы әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.