Аудан әкімдігінде Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтіп, онда қысқы жылыту маусымына дайындық, жолдарды қысқы кезеңде күтіп-ұстау және ауданның сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Кеңестің алғашқы мәселесі – қысқы жылыту маусымының өту барысы болды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Акек баяндама жасап, алдағы 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындықтың толық аяқталғанын атап өтті.
Бөлім басшысының айтуынша, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларына қарасты 148 әлеуметтік нысан толығымен дайын. Қазандықтардың жұмысына қажетті 2834 тонна қатты отын қоры жеткізіліп, табиғи газға қосылған денсаулық сақтау нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мәдениет үйлері мен ауылдық кітапханаларда жылу жүйелері де тұрақты жұмыс істеп, айтарлықтай мәселе тіркелмеген.
Қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады. Аудан аумағындағы 344,4 шақырым автожолды күтіп-ұстау үшін арнайы техника, жанар-жағармай және инерттік материалдар толықтай әзірленген. Республикалық маңыздағы жолдарға «ДЭУ-36» ЖШС, ал, аудандық жолдарға «Нұрасыл Құрылыс и К» ЖШС жауапты болып, қар тазалау және көктайғақтың алдын алу шараларын атқаруға дайын екенін жеткізді.
Кеңесте ауданның сәулеттік келбетін қалыптастыру бағытындағы соңғы жұмыстар туралы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Тұрар Дулатбаев баяндап, атқарылып жатқан іс-шаралар және алдағы жоспарлар жөнінде мәлімет берді.
Қорытынды сөзінде аудан әкімі Ербол Жиенқұлов жауапты салаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Әкім жылыту маусымын қауіпсіз әрі сапалы өткізу, жолдардың қысқы күтімін үздіксіз қамтамасыз ету және ауданның сәулеттік бейнесін жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелеу қажеттігін қатаң ескертті.