Аудан көркі ажарланса десек…

0 24

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ауданымыздағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша көктемгі екі айлық жұмыстарымен ұштаса кезең-кезеңімен жүзеге асып, Меркі өңірінің көркейе түсуіне ұйытқы болуда.
Осы ретте, аталған іс аптаның ортасы – сәрсенбінің сәтті күні Жамбыл ауылдық округінде өз жалғасын тапты.

Тегінде, ата-бабамыздың намысынан туындап, айшықталған «ауылына қарап, азаматын таны» деген пәлсапаның төркіні терең, маңызы зор. Бұл орайда, сырт келген қонақ пен жолаушының сыни көзінің «сүзгісінен» өтіп, ауданымыз жайындағы алғашқы пікір-ойы қалыптасатын батыс қақпамыздағы Жамбыл ата ауылы екені де рас. Сондықтан, аталған ауылдың жергілікті билігі мен азаматтарына артылған жауапкершілік жүгінің ауырлығын айтпай-ақ сезінуге болады.

Міне, аудан көлемінде етек жайған екі айлық жұмысының айқын көрінісі осы Жамбыл ауылдық округінде де атқарылу үстінде. Осы соңғы күндері отырғызылған түрлі тал-тарақты есепке алмағанда, бұл мекенде 300 түп раушан гүлдерінің көшеттері тиісті жерлерден орын теуіп, басқа да декоративті өсімдіктермен өзара үйлесе, әсем ансамбль құрмақ.

Жоғарыда айтылғандай, Жамбыл батыс қақпамыз болғандықтан, осы өңірдің ажарлана түсуіне әркез көңіл бұрып жүретін аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы бастаған топ Сыпатай батыр ескерткішінің айналасына ажар беріп, қосымша көріктендіретін 50 түп раушан гүлі көшеттерін отырғызу жұмыстарын атқарды.

Бұл гүл отырғызу мен гүлзарларды күтіп-баптау мақсатындағы игілікті әрі сауапты іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Арғымбаев Қайрат Рахымбайұлы, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Акек Ербол Базарбайұлы, округ әкімі Байболсынов Ербол Байболсынұлы, әкім орынбасары Айбол Жұманұлы, сонымен қатар, округте тіркелген қоғамдық ақылы жұмысшылар да қатысып, Ата ескерткіші айналасын абаттандыруға атсалысты.