АУДАН АЖАРЫ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ МЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕР

0 62

Өткен жұма күні аудан әкімі Баубеков Жорабек  Нұрмергенұлы өзінің жұмыс кестесіне сай Ақарал және Сұрат ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жұмыс жоспарлары жайында баяндады.

Одан кейін аудан басшысы ауданымыздағы негізгі сала – агроөндірістегі жетістіктер, есепті кезеңде ауылшаруашылығы бойынша 50,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,0 пайызды құрағанын, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8220-ға өскені (салыстырмалы түрде айтсақ, бұл көрсеткіш 2022 жылы 7117 бірлік болған), сонымен қатар жаппай кәсіпкерлікті дамытуда алға ілгерілеушіліктің негізі аудан тұрғындарының бірлік пен ынтымағы арқасындағы ерен еңбектің нәтижесімен байланысты екенін алға тартқан соң, алдағы уақытқа межеленген жұмыс жоспарларымен де таныстырып өтті.

Ақарал ауылы тұрғындарын мазалайтын негізгі жайт – ескірген ауызсу жүйелері екенін үнемі назарында ұстап келген аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы ағымдағы жылы бұл іске соңғы нүкте қойылатынын жеткізді. Яғни, биыл округке қарасты Ақарал (сметалық құны – 1 186,173 миллион теңге) мен Сыпатай ауылының (сметалық құны – 776,572 миллион теңге) ауызсу жүйесі қайта жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар округ тұрғындарының ортақ тілегі – биыл қос ауылдағы кіші футбол алаңдарының ағымды жөндеуден өтуін де көпшілік жылы қабылдады.

Ел іші болғандықтан, шешімі табылуы тиіс қордаланған мәселелер де жинақталып қалатыны заңдылық. Осы орайда, кездесудің сұрақ-жауап кезеңінде ауыл ақсақалы Жұмабай Күлен халыққа уақытылы, дер кезінде медициналық қызмет көрсету үшін жаңа жедел-жәрдем автокөлігіне ақаралдықтардың зәру екенін ортаға салса, ауыл тұрғыны Серік Бекасылов медициналық және әлеуметтік көмектер алу турасында, ал Ахмет Дәлиев ағын су мәселесін қозғап, тұщымды әрі нақты жауаптар алды. Ал еңбек ардагері, зейнеткер Өсер Әденов аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген бағасын беріп, ауылдастары атынан ризашылық танытып, алғыс айтты.

Күннің екінші жартысында сұраттықтармен кездесу өткізген аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы аудан көлеміндегі атқарылған істер мен биылғы жылдың еншісіндегі міндеттерге де кеңінен тоқталды. Оның ішінде, Сұрат ауылдық округіне тиесілі мәселелерге келсек, биыл Сұраттағы балалар ойын алаңы абаттандырылып, ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтпек. Сонымен қатар округке қарасты Тескентоған ауылындағы 37,9 гектар, Аққайнар ауылындағы 45 гектар тұрғын үй алқаптарына 2 қосалқы станса орнатылып, 2 тізбекті электр желілері салынады екен.

Ашық форматта, емен-жарқын өткен кездесудің сұрақ-жауап бөлігінде ауыл ақсақалы Есенбек Адамбаев ауылдағы медпунктке білікті дәрігер керектігін алға тартса, тескентоғандық Серік Әбдірәсілов ауыл көшесіндегі түнгі жарықтандыру шамының қуаты әлсіздігін айтып, көмек сұрады. Аудандық мәслихаттың депутаты Тәуіржан Алтынбаев округке заманауи спорт кешенінің керектігін ортаға салды.

Бұл сұрақтар бойынша аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы мен аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Мадияр Алмабаев жауап қатты.

Ал ағын су мәселесін көтерген шаруалардың сауалына «Қазсушар» РМК ЖФ Меркі өндірістік бөлімінің гидротехнигі Өркен Қалдыбеков тиісті заңдылықтар аясында жан-жақты жауап берді.