Аудан ажары арта түспек

0 34

Айналаның тазалығы, туған жердің ажары, оның келбетінің бірегейлігі тек архитектуралық келбетімен шектелмейді. Жасыл желек, гүлзарлар, саябақтар жайқалып тұрса, көрген көзге тартымды, таза ауа жанға жағымды болары сөзсіз.Ауданымызда бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімі әу баста-ақ осы бастаманы қолдап, аудандағы елді мекендердегі сая­бақтарды жаңғыртуды қолға алған болатын. Осы орайда, аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы аудандағы бірқатар саябақтардың абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Аудан әкімі алдымен биыл жаңадан ашылған Қазақ диқан ауылының саябағында болды. Аталған ауылдағы жаңа саябақтың аумағы 1 гектарды құрайды. Онда ауыл тұрғындарының бос уақыттарын өткізу үшін жағдай жасалған. Парк аумағына жалпы 270 түп әртүрлі әсемдік ағаштары отырғызылған. Фонтан, балалар ойын алаңшасы, түнгі жарық шамдары, суару жүйесі, жүгіру жолағы жасалған. Келушілердің көңілін көтеру мақсатында саябақтың әр бұрышында музыка ойнап тұрады.

Аудан әкімі одан кейін Ақтоған ауылындағы жаңғыртудан өтіп жатқан саябақтағы жұмыстарды назарға алды. Жалпы аумағы 8,5 гектарды құрайтын саябақ толығымен жаңғыртудан өтуде. Саябақ аумағында стрит воркаут, жүгіру жолағы орнатылып, тас жабындары жаңартылуда, су жүйесі жасалуда. Жорабек Нұрмергенұлы округ әкіміне абаттандыру бойынша бірқатар тап­сырмалар берді.

Сонымен қатар, Жорабек Нұрмергенұлы Орталық саябақ ау­мағын аралап, абаттандыру жұмыс­тары бойынша округ әкіміне бірқатар ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Биыл аудан әкімінің бастамасымен ауданның көрнекті орындарының бірі саналатын қушылар «Үміт» сарайының жанындағы ұшақ тұрған аумаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ұшақтың іші-сырты толығымен жа­ңартылып, жас робототехниктердің туындыларынан музей жасау жос­парлануда. Жорабек Нұрмергенұлы жұмыс барысымен танысып, ұшақтың ішін жылыту мәселесі бойынша және айналасын абаттандыру жұмыстарына қосымша толықтырулар енгізуді тапсырды.

Аудан әкімі Ойтал ауылдық ок­ругіндегі саябақтағы жөндеу жұ­мыс­тарымен де танысты. Биыл аталған саябақ қоршалып, парк аумағына суару жүйесі орнатылып, балалар алаңшасы салынған болатын. Жорабек Нұрмергенұлы округ әкіміне саябақты абаттандыру жұмыстары және саябақ ішіндегі Ұлы Отан соғысына арналған ескертішті жаңарту бойынша қосымша ұсыныстар енгізуді тапсырды.