1-наурыз – Алғыс айту күні Меркі аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мамытбеков Сәбит Мұсабекұлы Ардагерлер үйінде болып, ел ішінің бірлігі мен татулығын сақтау жолында ерен еңбектерімен танылып жүрген бірқатар абыз ақсақалдармен кездесу өткізді.
Кездесуге АПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Майнауысов Айдос Болатұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, орынбасары Мелісхан Жұматаев, билер кеңесінің төрағасы Медербек Өзбеков, ауылдық округтердің ардагерлер ұйымының төрағалары қатысты.
Сөз алған Сәбит Мамытбеков адами тұрғыдан алсақ, сонымен қатар, әрине, заң аясында ел ішінің ынтымағы мен ұлттар арасындағы татулық әркез сақталуы тиіс ең негізгі ұстаным мен байлығымыз екенін ортаға салып:
– Әділетті Қазақстанды құру жолында біздер өзара байланыста болып, тізе қоса еңбек етсек қана жақсы нәтижелерге жетеміз. Міне, сол бағытта сіздер, яғни, жасы үлкен ардагерлеріміз қоғамның белсенді ортасын құрайсыздар. Жергілікті жерде халыққа жанашырлық танытып, оң өзгерістерге бастайтын да осы отырған сіздер деп білемін. Сонымен қатар, ел ішінде тентегі болса, оны тезге салатын қауқарға ие азаматтар да сіздер екені рас. Осы ретте, бүгінгі 1-наурыз – Алғыс айту күнімен баршаңызды қызу құттықтап, жауапкершілігі мол іс атқарып жүрген сіздерге зор денсаулық тілеймін – деген Сәбит Мұсабекұлы ардагерлерге ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Сәденов Ержан Сапарбекұлының арнайы Алғыс хаттары мен өз бөлімі тарапынан дайындалған сыйлықтарын табыс етті.
Өз кезегінде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, Сұрат ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Есенбек Адамбаев пен Кеңес ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Бауыржан Байдәулетовтер үлкендерді үлгі санап, ұлықтаған күштік құрылым басшыларына аталық алғыстарын айтып, баталарын берісті.