Аудан әкімі Жиенқұлов Ербол Жұмабекұлының 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтауы

0 35

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – ынтымақ пен татулықтың, өзара түсіністік пен сенімнің, халқымыздың рухани бірлігінің символына айналған ерекше мереке. Біздің еліміздің басты байлығы – сан түрлі ұлт пен ұлыстың бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруі. Бұл – мемлекеттік саясаттың нәтижесі, баршамыздың ортақ жетістігіміз.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – еліміздегі бірлік пен келісімнің, тұрақтылық пен ынтымақтастықтың нақты кепіліне айналған тарихи институт. Ассамблея – ұлт пен ұлыстың арасындағы алтын көпір, халқымыздың кемел келешекке сенімді қадам басуына негіз болып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ассамблеяның ХХХІV сессиясында: «Этносаралық қа­тынастар мен ұлттық бірліктің бүкіл құрылымы «Біз – әртүрліміз, бірақ, бәріміз теңбіз» деген мызғымас қағидаға негізделген. Мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеу­меттік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы» – деп атап өтті.

Шынында да, береке мен бірлік болған жерде ғана даму, өркендеу, болашаққа деген сенім болады. Біз осындай қасиетті мекен – Меркі жерінде көпұлтты жұртшылықтың жарасымын, өзара сыйластығын, ортақ іске деген жауапкершілігін күнделікті өмірімізде сезінеміз. Бұл – әрбір тұрғынның елге, жерге деген адалдығының, азаматтық ұстанымының айғағы.
Құрметті жерлестер!

Ортақ шаңырағымыз – Тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасын бірге қаласып, татулықты ту етіп келе жатқан баршаңызды тағы да мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңырақта бейбіт өмір, құт-береке орнасын! Бірлігіміз бекем, болашағымыз жарқын болсын!