Алғыс айту күні – мәні терең мазмұны жоғары мереке. Түпкі мақсаты – еліміздегі этносаралық татулыққа, бейбітшілік пен қоғамдық келісімге негізделген. Дегенмен, бұл күні барша таныс-туған, ағайын-туыс, жекжат-бауырға, анаға, ұстазға дәрігерге, жалпы сан-салалы қоғамның барлық өкіліне алғыс айтуға болады. Өйткені, әрбір адамның, әрбір мамандық иесінің бұл қоғамда өз орны бар. Оны түсіну, құрметтеу – бұл әрбір адамның азаматтық парызы.
Осы орайда, айтулы мереке күні, аудан әкімі Баубек Жорабек Нұрмергенұлы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаевпен бірге Ұлы Отан соғысының ардагері Әзім Жармұхамедов ақсақалдың үйіне арнайы барып мерекемен құттықтады. Бір ғасыр ғұмыр кешкен ардагер атамыздың елімізді жаудан қорғау жолындағы жанкешті ерліктері үшін алғыс айтып, мерекелік сыйлықтарын тарту етті.
– «Құрметті Әзім ата! Сізді бүгінгі Алғыс айту мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіз елімізді жаудан қорғауда талай ерлік көрсетіп, ел мен жерге деген патриоттық рухтың озық үлгісін көрсеткен батыр жансыз. Осынау мерекенің қарсаңында өзіңізге арнайы келіп алғыс айтқым келеді. Сізге мың алғыс. Міне, бүгінде бір ғасыр уақытты артқа тастасаңыз да арамызда күліп-ойнап отырсыз. Сізге зор денсаулық тілеймін. Осылайша, халықтың алғысына бөленіп, алдымызда аман-есен жүре беріңіз», – деп дәстүр бойынша шапан жауып құрмет көрсетті.
«Жылы сөз –жан жылуы» – демекші, ардагер атамыз да марқайып, өзінің аталық ақ батасын берді. Бүгінгі бейбіт өмірдің – баға жетпес құндылық екені, оны бағалап, қадіріне жету жайында даналық сөздерін айтты.