АУДАН ӘКІМІ ОРТАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ ЖҰМЫСЫН ТЕКСЕРДІ

0 38

Қазіргі уақытта аудан тұрғындарынан түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі денсаулық саласына қатысты болып отыр. Аталған салаға қатысты бірқатар мәселелер аудан әкімінің халықпен болған кездесулерінде де тұрғындар тарапынан көтерілген еді.

Осыған орай, аудан әкімі орталық емханаға арнайы барып, ондағы жұмыс жағдайын тексеріп, дәрігерлермен тікелей тілдесті.

Орталық емхананың кіреберісіндегі тіркеу орнынан бастап, емхана бөлімдері және жекелеген дәрігерлердің жұмысы, олардың қызмет көрсету бағыттарымен танысты. Пациенттермен де тілдесіп, дәрігерлердің қызмет көрсету сапасына қатысты пікір алмасты.

Аудан әкімі денсаулық саласындағы жүйелі мәселелер, яғни инфрақұрылым, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету сынды мәселелерді шешу мемлекет тарапынан бақылауға алынғанын жеткізіп, дәрігерлерге өздерінің функционалдық міндеттеріне мұқият қарауды тапсырды.

Сондай-ақ ақ халатты абзал жандардың деонтологиялық, яғни пациенттермен қарым-қатынас жасаудағы әдеп-этика мәселелеріне де шағымдардың бары жасырын емес. Осыны ескерген аудан әкімі дәрігерлерге пациенттермен жұмыс істеуде жаңа көзқарас қажеттігін ескертіп, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеуді бас дәрігер бастаған мекеме қызметкерлеріне міндеттеді.
Сонымен қатар аудан әкімі денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері жайында дәрігерлердің ой-пікірлерін тыңдады. Бас дәрігер Мейрамбек Дәрменовтың айтуынша, орталық емханада жекелеген белгілі бір саланың мамандары (узкие специалисты) жетіспейді.

Жорабек Нұрмергенұлы ауданның денсаудық сақтау саласындағы мәселелер арнайы кеңесте қаралатынын жеткізіп, көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстар енгізуді бас дәрігерге тапсырды.