Дүйсенбі күні Меркі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен аудандық аппарат кеңесі өтті. Күн тәртібінде Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мерекесін ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы мерекелерді өткізуге дайындық барысын баяндап, 8-наурыз мерекесін мазмұнына сай өткізуге ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Сонымен қатар, Наурыз мерекесін «Наурызнама» онкүндігі тұжырымдамасы аясында кең көлемде өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Ол әрбір іс-шараның қызықты, әрі тәрбиелік мәні мол болуына ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Келесі сөзді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тантай Ахметжанов алды. Ол мерекелік іс-шаралар жоспарын таныстырып, концерттік бағдарламалар, ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін мәдени жобалар мен тұрғындарға арналған мерекелік акцияларды баяндады. Тантай Ахметжанов мерекелік күндерде ұйымдастырылатын барлық іс-шаралардың халықтың көңілін көтеруге, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек мерекелерді ұйымдастыру барысында мазмұндық сапаны қамтамасыз ету, жауапты мекемелердің үйлесімді жұмыс істеуін жолға қою, бекітілген жоспарға сәйкес нақты міндеттерді орындау мақсатында барлық жұмыстар атқарылатынын айтты.
Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Ербол Жиенқұлов барлық жауапты бөлімдер мен мекемелерге мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу тапсырмасын берді. Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, әрбір шараның мазмұнына ерекше мән беру, ұлттық дәстүр мен мерекенің мәнін кеңінен насихаттау – басты талап. Сонымен қатар, мерекелік күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік шараларын күшейту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, барлық ұйымдастыру жұмыстарын алдын ала пысықтап, нақты үйлестіру міндетті.
Сонымен бірге, әкім мерекелік іс-шаралардың мазмұнын одан әрі байыту, жаңа форматтар мен қызықты жобаларды енгізу бойынша қосымша ұсыныстар жасауға шақырды. Дайындық жұмыстарының толық қамтылуы мен сапалы орындалуы мерекелік күндерді есте қаларлықтай және әсерлі өткізуге кепіл болмақ.