Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Алғыс айту күні – ең алдымен, бір шаңырақтың астында бас қосқан Қазақстанның барша халқын бейбітшілік пен келісімге үндейтін, көпұлтты еліміздің бірлігі мен тыныштығының нышанына айналған мереке.
Алғыс айту – халқымыздың тағылымға толы дүние танымынан сыр шертетін, пенде көңілді
парасат биігіне жетелейтін асыл амалдардың бірі. Адамдардың бір-біріне деген құрметін, сыйластығын
арттырып, бауырмалдығын бекемдей түсетін достық, ізгілік, адамгершілік секілді ең шынайы, көркем қасиеттердің мөлдір бұлағының бастау алар шыңы десек артық айтқандық емес. Бір-бірімізге кірішіксіз көңілмен алғыс айтып, ризашылығымызды жеткізе білсек, қоғамды ізгілікке бастайтын баянды бақыттың кілті сол болмақ.
Бұл мереке сонау қиын-қыстау кезеңдегі қазақ халқының қамқорлығы мен көзсіз ерлігін білдірсе, халықтар достығын әрдайым жадымызда ұстау халқымыздың бірлігін арттырады. Алғыс айту мерекесінің мақсаты да сол, тарихи жадымызды жаңғыртып, достық туын желбіреткен отандастарымыздың елдік қасиеттерін өскелең буынға насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру болып табылады.
Сондықтан, осынау айтулы күні ел болып, жұрт болып, бір-бірімізге риясыз алғысымызды білдіру – мерекеге ерекше мән беріп, ортақ тарихымызға деген құрметімізді көрсетеді. Осы жылдар ішінде халқымыз ынтымағы және бейбітсүйгіштігімен әлемдік қауымдастыққа үлгі болды. Еліміздегі өзара түсіністік пен сыйластық сынды құндылықтар қоғамды біріктіруші басты күшке айналды.
Қадірлі меркіліктер!
Тәуелсіздік жылдарында қоғамдық келісімді нығайту арқылы іргесі берік мемлекет ретінде қалыптастық. Еліміздің осындай іргелі ел болуында Сіздердің де өлшеусіз үлестеріңіз бар.
Мерейлі мерекеде Сіздерге көтеріңкі көңіл-күй, мол бақыт, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, дендеріңізге саулық тілеймін. Әрқашан бір-бірімізге деген сыйластығымыз артып, айтар алғысымыз көп болсын. Сонда ғана татулығымыз бен тұтастығымызды сақтап, еліміздің өсіп-өркендеуі, гүлденуі жолында бір мүдде аясында ұйыса аламыз.
Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!