Қадірлі Аналар! Қымбатты әкпе-қарындастар!
Баршаңызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Ана – бұл қасиетті ұғым. Ол барша адам баласына жарық өмір сыйлап қана қоймай, жер бетіне шуағын шашып, өз мейіріміне бөлеуден әсте жалықпайтын аяулы жан.
Аяулы ару жандар! Ғаламның барша сұлулығы мен әсемдігі сіздердің бойларыңыздан табылады. Сіздермен әлем ажарлы, дүние ғажап. Мөлдір махаббат, мейірім мен шапағат, сүйіспеншілік пен
бауырмалдық сынды ізгі қасиеттер – сіздердің табиғаттарыңызға
ғана тән асыл құндылықтар деп білемін.
Дана халқымызда: «Ер – түздің көркі, әйел – үйдің көркі» деген сөз бар. Батыр бабаларымыз елді жаудан қорғау мақсатында бар ғұмырын ат үстінде, түзде өткізген болса, дана әжелеріміз бен аналарымыздың арқасында халқымыздың ұлттық ерекшеліктеріне тән құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келді. Осындай асыл қасиеттермен қатар, хас батырларға тән өжет мінездер де сіздердің бір бойларыңыздан табылады.
Сонау кәрі тарихтың беттерінде есімдері алтын әріптермен жазылған Томирис, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді ханшалар мен аналардың ұлт тарихындағы
орны бөлек. Кешегі Ұлы Отан соғысындағы Мәншүк, Әлия, Хиуаз секілді батыр әкпелеріміздің есімі ел жүрегінде мәңгі сақталған. Осындай батыр аруларымыз еліміздің бүгінгі күнге дейін мемлекет болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Ал, бүгінгі бейбіт күнде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен еліміздің ертеңгі болашағы үшін қоғамның сан түрлі саласында осындай батыр әйел-қыздарымыз еш мойымай еңбектеніп келеді.
Қадірлі аналар! Аяулы ару жандар!
Баршаңызды Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Отбасының ұйытқысы, бала-шағаның жылуы, ер азаматтарыңыздың шырағы болып жүре беріңіздер. Өміріміз сіздермен мәнді, отбасымыз сіздермен сәнді. Көктемнің шуақты мерекесімен көңілдеріңіз нұрланып, жадырап-жайнап, айналамызға шапағат шашып жүре берулеріңізге тілектеспін. Әрдайым әйел деген атқа лайықты болып, нәзік жандарыңыз шынайы бақыттың құшағында шалқысын деп тілеймін.