АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР АУҚЫМДЫ, ЖОСПАРЛАР АЙҚЫН

0 135

АУДАН ӘКІМІ БАУБЕКОВ ЖОРАБЕК НҰРМЕРГЕНҰЛЫНЫҢ ХАЛЫҚПЕН ТҰРАҚТЫ КЕЗДЕСУЛЕРІ БЕЙСЕНБІ КҮНІ ОЙТАЛ, РЫСҚҰЛОВ ЖӘНЕ ТӘТТІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ӨТТІ.

Кездесулер де Жорабек Нұрмергенұлы аталған ауылдардың тұрғындарына ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап, биылға жоспарланған жұмыстар жайында да айтты.

Бұған дейін де жазғанымыздай, өткен жылы ауданның барлық салаларында оң көрсеткіштер қалыптасқан. Мысалы, ауданның өнеркәсіп саласында 26,8 миллиард, ауылшаруашылығы саласы бойынша 50,3 миллиард, мал шаруашылығы бойынша 19,9 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, барлығында нақты көлем индексі 100 пайыздан асқан. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2023 жылы жалпы құны 1707,7 миллион теңге болатын 119 жобаға қолдау көрсетілген. Сәйкесінше, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8220-ға жетіп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бизнес субъектілерінің саны – 1103 бірлікке артқан.

Негізгі капиталға 21,6 миллиард теңге инвестиция салынып, нақты көлем индексі 127,3 пайызды құраған болса, 45,4 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға енгізілген. Аудандағы 45 елді мекеннің 41-і, яғни, 91,1 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған болса, қалған төрт елді мекенді ауызсумен қамту биылға жоспарланған. Сондай-ақ Гранитогор, Сыпатай, Ақарал, Ақтоған, Жамбыл, Меркі ауылдарын және Меркі стансасы елді мекенінің ауызсу жүйесін қайта жаңғырту көзделуде.

Кездесулер барысында аудан әкімі биыл аудан аумағындағы көшелерді жөндеуге негізгі басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Аудан аумағында жалпы 66 көшені жөндеуден өткізу жоспарланса, оның 35-і «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында, ал қалған 31 көшені жөндеу жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылатын болады.

Өткен жылы ауданда бірқатар әлеуметтік нысандар жаңадан ашылды. Атап айтсақ, заманауи талаптарға сай келетін екі мәдениет үйі, бір саз мектебі, бір жалпы орта білім беретін мектеп, екі медициналық нысан, бір спорт залы ел игілігіне берілген болса, оның ішінде, 80 орындық жаңа мектеп Тәтті ауылдық округіне қарасты Ақжол ауылында, бір медициналық пункт Тәтті стансасында, 180 орындық мәдениет үйі Ойтал ауылдық округінде, спорт зал Рысқұлов округіне қарасты Интернационал ауылында бой көтерді.

Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Қазіргі уақытта ауданда екі спорттық сауықтыру кешені, бір жаңа мектеп пен екі мектепке қосымша ғимараттың құрылыстары жүргізілуде.

Осылайша, аудан аумағында атқарылған жұмыстарды баяндаған аудан әкімі ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдады. Мысалы, ойталдық тұрғындар округтегі паркті абаттандыру мен ауызсу жүйесіне қатысты мәселелерді көтерсе, аудан әкімі Ойтал ауылдық округіне қарасты Меркі станса елді мекенінің ауызсу жүйесін жаңғырту келесі жылға, ал паркті абаттандыру жұмыстары биылға жоспарланғанын жеткізді. Сол сияқты, Рысқұлов ауылдық округінің тұрғындары да ауызсудың жиі тоқтап қалатынына және қаңғыбас иттердің көптігіне қатысты шағымдарын жеткізді. Аудан әкімі бұл мәселелер бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шара қабылдауды жауапты бөлімдер мен мекемелердің басшыларына тапсырды. Ал Тәтті ауылдық округінің тұрғындары негізінен ауылдағы электр қуатының әлсіздігін айтып, электр бағаналарының ескіргенін жеткізді. Аудан әкімі бұл мәселе тұрақты бақылауға алынғанын, аудандық электр желісі мекемесінің арнайы жоспарына сәйкес шешілетінін атап өтті. Өз кезегінде ауыл тұрғындары аудан әкіміне атқарылған жұмыстар үшін оң бағаларын беріп, алдағы межеленген жоспарлардың да сәтті жүзеге асуына сенім білдірді.

Сонымен қатар кездесулер барысында аудан әкімі жеке мәселелерімен қайырылған азаматтарды қабылдап, олардың мәселелерін шешу бойынша да жауапты бөлімдердің басшыларына нақты тапсырмалар берді.