Бүгін аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек №9 Меркі колледжінде Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясын түсіндіруге арналған кездесу өткізді. Маңызды басқосуға аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Жантелиев, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Серік Макажанов, Ербол Дүйсебаев және колледждің оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында Мейірхан Азатұлы Конституциялық комиссияның құрылу тәртібі мен қызметінің негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталды. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған комиссия құрамына 130-ға жуық білікті әрі тәжірибелі маман енгізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, комиссия жұмысына Парламентте өкілдігі бар барлық саяси партиялардың өкілдері, сарапшылар қауымы мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысып, реформаның жан-жақты әрі кәсіби деңгейде әзірленуіне мүмкіндік жасалған.
Сонымен қатар, Конституциялық комиссияның қызметі барынша ашық әрі жария форматта ұйымдастырылғаны айтылды. Комиссия отырыстары тікелей эфирде көрсетіліп, азаматтардың ұсыныстары e-Otinish, eGov платформалары және өзге де кері байланыс арналары арқылы қабылданған. Нәтижесінде қоғам тарапынан келіп түскен мыңдаған ұсыныс сараланып, біріздендіріліп, мазмұндық тұрғыдан тұтас әрі үйлесімді құжат жобасы қалыптастырылған.
Жаңа редакцияның құрылымы Кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Сонымен қатар, екі жаңа бөлім енгізіліп, 77 бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Бұл түзетулер Конституция мазмұнының 84 пайызын қамтып, елдің Негізгі заңын заманауи талаптарға сәйкес жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Басқосу барысында конституциялық жаңғыртудың мәні мен маңызы кеңінен түсіндіріліп, оның ел дамуының жаңа кезеңіндегі рөлі ерекше атап өтілді.